Былтыр жемқорларды ұстауға көмектескен қазақстандықтарға 35 млн теңге төленген
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық жайлы хабарлаған азаматтарды ақшалай сыйақымен марапаттайды. Мәселен, өткен жылы Антикор парақорларды ұстауға жәрдемдескен 104 қазақстандыққа 35,5 млн теңге берген, соның ішінде ең көп сыйақыны шымкенттік кәсіпкер алған. Бұл туралы Антикордың Azattyq Rýhy ресми сауалына берген жауабында айтылған.
2023 жылы 73 азамат жемқорлық фактісі туралы Антикорға хабарлап, 22,4 млн теңге сыйақы алған. Оның ішінде мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына 8 грамота табысталыпты. Ал былтыр жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азамат көтермеленген, оның ішінде мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына 38 грамота берілген.
«2024 жылы ақшалай сыйақының ең жоғары сомасын (параның 10%-ы немесе қылмыстық іс бойынша келтірілген залал) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті төледі. Кәсіпкер Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары мен аппараттың ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі бас маманының ақшаны жедел аударғаны, орындалған жұмыс актісіне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін 60 млн теңге пара бопсалағаны туралы арызбен жүгінген. 2024 жылғы 1 сәуірде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен лауазымды тұлғалар 11 және 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал кәсіпкер 6 млн теңге қаражатпен көтермеленді», - деп мәлімдеді Антикор.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көтермелеудің ең төменгі сомасы әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық үшін 30 АЕК-ті (117 960 теңге), ал аса ауыр сыбайлас жемқорлық үшін ең жоғары 100 АЕК-ті (393 200 теңге) құрайды.
Ал егер пара сомасы немесе келтірілген залал құны 1 000 АЕК-тен (3,9 млн теңге) асса, жемқорлық бойынша біржолғы сыйақы параның не келтірілген залалдың 10 пайызына тең болады, бірақ 4 мың АЕК-тен (15,7 млн теңге) аспайды.