Қазір елімізде білікті мамандар тапшы, дейді спикер
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев университеттер мен колледждердің бағдарламаларын қайта қарап, экономиканың қажеттілігіне бағыттау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әшімбаевтың айтуынша, қазір кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспейді.
«Соған қарамастан, көптеген жас кадр жұмысқа орналаса алмай жүргені де жасырын емес. Тіпті, әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұл жағдай кадр даярлаудың қазіргі жүйесі экономиканың нақты секторының заманауи сын-қатерлері мен сұраныстарына толық жауап бермейтінін көрсетеді. Қазір әлем тез өзгеріп жатыр. Халықаралық валюта қоры технологияның дамуы бүкіл әлемдегі жұмыс орындарының 40 пайызына әсер етеді деп болжап отыр. Демек, көптеген мамандықтың мәні алдағы уақытта концептуалды түрде үлкен өзгерістерге ұшырайтыны сөзсіз», - дейді спикер Сенатта өткен парламенттік тыңдауда.
Сондықтан қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажеттіліктеріне бағыттауымыз керек, деп жалғастырды сөзін Әшімбаев.
«Қазір білікті мамандардың тапшылығы анық байқалып отыр. Әсіресе, инженерлер, техникалық қызметкерлер, агрономдар, ветеринарлар, басқа да маңызды мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Алдағы уақытта бұл үрдіс одан әрі арта бермек. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша 2030 жылға дейін ел экономикасына барлық бағытта қосымша 1,6 млн адам қажет болады. Қазірдің өзінде Қазақстанға техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мыңға жуық маман аса қажет. Ал, жоғары білімі бар мамандарға қажеттілік 430 мың адамды құрайды», - дейді Сенат төрағасы.
Әшімбаевтың айтуынша, бүгінде жастар негізінен жұмыс күші артық Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында тұрады. Сондай-ақ, Алматы мен Шымкентте де жастар көп. Еліміздегі жастардың жартысынан астамы осы өңірлерге тиесілі.
Сенат спикерінің пікірінше, елімізге ішкі еңбек миграциясын тиімді жүргізетін жаңа бағдарлама керек.