Мемлекет дарынды оқушыларды осылай ынталандырмақ
Қазақстанда халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына және осы оқушыларды дайындаған мұғалімдерге бір реттік сыйақы беру ұсынылды. Тиісті норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда қаралған заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов былтыр елімізде ең беделді халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ, мемлекеттік грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беретін заң қабылданғанын еске салды. Бұған қоса түлектер «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат деңгейінде шетелдің озық университеттеріне оқуға түсе алады.
«Бүгін біз қарастырып отырған заң жобасында сол дарынды балаларға және оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік сыйақы беру туралы норма енгізіліп отыр. Біздің ойымызша, бұл өте маңызды норма, өйткені бұл жастардың ғылыми әлеуетін дамытып, талантты оқушыларды ынталандыру үшін маңызды шараның бірі болады», - дейді Аймағамбетов.
Сондай-ақ депутаттар мектеп жасындағы балаларға мәдениет ұйымдарына бару үшін берілетін «Ақылман картасы» жобасын енгізуді ұсынған.