ЖОО-да тегін оқыған кейбір студенттер грантты жұмыспен өтеу міндетінен босатылады
Депутаттар осындай ұсыныс енгізген

Қазақстанда ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу міндетінен босату ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кейбір заңнамалық актілерге мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осындай норма көзделген. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қолданыстағы заң бойынша мемлекеттік грантпен оқыған түлектер міндетті түрде өз мамандығымен үш жыл жұмыс істеп, грантты өтеуге міндетті. Егер өтемесе, гранттың құнын бюджетке қайтарады. Енді депутаттар кейбір қазақстандықтарды осы міндеттен босатуды ұсынып отыр.
«Бізге мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе бірінші топтағы мүгедекке күтім жасап жүрген азаматтар күрделі жағдайларына байланысты өте жиі шағымданады. Грантты жұмыспен өтеу міндетінен босатуды сұрайды. Осыған байланысты біз олардың өтінішін қарастырып, арнайы норма енгіздік. Яғни, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын түлектерді міндетті еңбек өтеу талабынан босату туралы норманы жұмыс тобында қабылдадық», - деді Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар шетелдік университетке оқуға түскен қазақстандықтарға грантты еңбекпен өтеу мерзімін оқу аяқталғанға дейін шегеру мүмкіндігі берілмек.
«Яғни ол бакалавриатты Қазақстанда бітіріп, магистратураға шетелге түссе, мемлекеттік грантты шетелдегі оқуын тәмамдағаннан кейін өтейді», - деп түсіндірді депутат.
Заң жобасындағы тағы бір жаңашылдық – университеттерді топтастыру жүйесін енгізу.
«Мемлекет басшысы өз жолдауында бюджеттен университеттерге бөлінетін гранттардың құнын олардың білім беру сапасына байланысты анықтауды тапсырған. Осыған орай, біз осы нормаларды заң жобасына енгіздік. Бұл жүйе Қазақстандағы ЖОО-ларды білім беру сапасын арттыруға және ғылыми зерттеулерді дамытуға ынталандырады, университеттер арасында бәсекелестікті күшейтіп, кадрларды сапалы даярдауға ықпал етеді деп санаймыз», - дейді Аймағамбетов.