Мектеп оқушыларының 16,6 пайызында депрессия болса, 17,5 пайызы буллингке ұшырайды – зерттеу

Автор: Аягөз Құрмаш

Ата-анасының қолдауын сезінбейтін балалар да бар

Фото: istockphoto.com

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Есқалиева 2021-2025 жылдары өткен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру аясындағы зерттеудің нәтижелерін ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жасөспірімдердің 16,6%-ында психикалық әл-ауқаттың нашарлауы, ықтимал депрессия белгілері анықталды. Мектептегі буллинг құрбандары балалардың 17,5%-ын құрайды, ал 3,4%-ы айына бір рет және одан да көп рет кибербуллингке ұшырайды», - деді Есқалиева Мәжіліс комитетінің отырысында.

Ол атағандай, зерттеу нәтижелері жасөспірімдердің психикалық денсаулығына әсер ететін негізгі қауіптерді анықтаған.

«Әр бесінші жасөспірім психикалық әл-ауқатының нашарлығын сезінеді, бұл олардың оқу үлгеріміне, мінез-құлқына және өмір сапасына кері әсер етеді. Мектепте буллингке тап болған балалар психологиялық қысымға ұшырап, өз-өзін төмен бағалауға, күйзеліске түсіп, кейбір жағдайларда өзін-өзі зақымдауға бейім келеді. Жасөспірімдердің 12,7%-ы әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланады, бұл олардың психикалық денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. 24% жасөспірімдер ата-аналарынан жеткілікті қолдау сезінбейді, бұл олардың эмоционалдық тұрақтылығына әсер етеді», - деді ол.

Есқалиеваның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтауда жасөспірімдердің физикалық және психологиялық әл-ауқатын мониторингтеу жүйесі ұлттық және өңірлік деңгейде енгізілуі тиіс.

«Бұл жүйе жасөспірімдердің денсаулығы мен мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді»,- деді ол.