Техногендік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-әдістемелік базаны өз қолымызбен жойдық – депутат кеншілердің қазасын азайтудың жолын ұсынды

Автор: Темірхан Айжан

Арман Қалықов өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету функцияларын дербес орган қолға алу керек деп санайды 

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Арман Қалықов «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде қаза тапқан жұмысшылардың жақындарына көңіл айтып, өндірістегі жазатайым оқиғаларға немқұрайлы қараған Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігін сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде болған қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. Парламент Мәжілісінің атынан осы жан түршігерлік апатта туыстары мен жақындарынан айырылған әрбір отбасыға шын жүректен қайғыра көңіл айтамыз. Бұл жағдайды Мемлекет басшысы жеке бақылауына алды. Үкіметке төтенше жағдайдың себептерін мұқият тергеу және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысы тапсырылды. Арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне көңіл аудармаудың себебінен «Қазақмыс» кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар жиілеп кетті. Оған статистика сандары дәлел.

Мысалы, 2023 жылы Балқаш мыс балқыту зауыты мен Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында монтажшы мен тау-кен шебері қаза тапты. Қараша айында №2 Жезқазған байыту фабрикасында әйел қаза тапты, ал Жамбыл облысындағы «Жайсан» кенішінде екі кенші көз жұмды. 2024 жылы қазанда Балқаш өңіріндегі «Саяқ-3» шахтасында көміртек жайылып тағы екі шахтер қаза тапты. Енді міне, тағы да өндірістегі 7 адамның өмірі қиылып, артында жұбайлары мен балаларын зар жылап қалды», - деді ол.

Депутат «Жомарт» кенішіндегі апаттың еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан болғанына сенімді екенін жеткізді.

«Шахтадағы апат газдың жарылуынан болуы мүмкін деген болжам күдік тудырады, себебі мыс кенішінде табиғи газ кездеспейді. Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын көреміз. Осы ретте мынадай сұрақ туындайды: «Қазақмыс» еліміздегі ірі, табысты кәсіпорынның бірі бола тұра, неліктен әлі күнге дейін еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр? Жыл сайын кеніштерде, шахталарда, мұнай кен орындарында техногендік апаттар қайталанып отырады. Бұл мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік институттарының маңызы мен қажет екенін көрсетеді», - деді ол.

Депутат атағандай, мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік институттары жойылып кеткен соң, шахтаның қауіпсіздігін тексеру ісі кенже тартқан.

«Өкініштісі, осы жүйені қайта-қайта реформалап жүріп, бақылаушы мемлекеттік саланы, оның ішінде мықты мамандар мен инспекторлардан айырылып қалдық. Мемлекеттік өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін өзгерте берудің арты жақсылыққа апармайтынын әріптестеріммен талай рет айтып, депутаттық сауалдар жолдадық. Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейту бойынша заңнамалық және жүйелік нормаларды ұсындық. Бірақ, Үкімет, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі осы маңызды заңнамалық бастаманы қолдамады. Сол кезде біз Ұлттық экономика министрлігінің өкілдеріне қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барып көруді ұсындық.

Ұлттық экономика министрі мен вице-министрлері қаза тапқан «Қазақмыс» кеншілерінің отбасыларына барып көрсін. Ең сорақысы, инспекторлар өрт және экологиялық қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қауіпсіздік жүйесінен алынған, оның тексеру парағы ОПО қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жатпайды. Он жыл бұрын өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жалғыз республикалық ғылыми институт таратылды. Іс жүзінде техногендік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-әдістемелік база жойылды. Жоғарыда аталған жинақталған жағымсыз факторларды ескере отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінде қалыптасқан жағдайға тиісті талдау жасамай, оны одан әрі қысқарту процесі белгіленді. Сонымен қатар, аймақтық қауіпсіздік департаменттері азаматтық қорғаумен біріктірілді. Енді тау-кен өнеркәсібіндегі, құрылыстағы, қауіпті өндірістердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері ТЖД-ға, яғни өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға берілді. Мен өндірісте 30 жылдан астам тәжірибесі бар адам ретінде бұл жағдайды нағыз абсурд деп есептеймін», - деді депутат.

Арман Қалықов өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жеке мемлекеттік орган құру керек деп есептейді. Ол өөзінің бірнеше ұсынысын ортаға салды.

«Сондықтан:

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету функцияларын дербес және тікелей премьер-министрге есеп беретін мемлекеттік органды құру жолымен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі мәселелерді қарау;

қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау;

газ қауіпсіздігі жөніндегі сарапшыларды тарта отырып, апаттың себептеріне мұқият және тәуелсіз тергеу жүргізу;

кеніштердің желдету жүйелерін талапқа сәйкестігін тексеру керек;

еңбек қауіпсіздігінің заманауи талаптарына жауап беретін тау-кен кәсіпорындарында жабдықтар мен технологияларды жаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет деп санаймыз», - деді ол.