Екі шағын ауданның жалпы аумағы 176 гектар
Қостанай облысы Қостанай ауданының орталығы Тобыл қаласында екі жаңа шағын аудан салынып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«АMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы Қостанай облысының әкімдігі жанындағы жедел штаб пен депутаттық фракцияның бірлескен отырысында талқыланды. Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен мәслихат депутаттары қатысқан.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Қостанай облысы ұлттық дамуға айтарлықтай үлес қосып келеді. 2024 жылы 497,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5 мыңнан астам отбасы баспана жағдайын жақсартты.
«Сонымен қатар, Қостанай ауданында 176 га аумақта «Астана» және «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарының құрылысы жүріп жатыр, бұл шамамен 60 мың адамды баспанамен қамтамасыз етеді. Жол инфрақұрылымын дамыту аясында 1 200 км автожол күрделі жөндеуден өтті, 108 елді мекендегі 371 көше учаскесі жаңартылды. Сондай-ақ, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту нәтижесінде 55 мың үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, ауылдық жерлердегі ауыз сумен қамту деңгейі 90,3% ға жетті», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды бағдарлама аясында аймақ қалай дамып жатқанын атап өткен.
«Сайлауалды бағдарлама – бұл аймақтың даму бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Оны іске асыру әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік: халықтың өмір сүру сапасы жақсаруда, инфрақұрылым жаңғыртылуда, өңір экономикасы нығаюда. Біз осы қарқынды сақтап, белгіленген міндеттерді одан әрі іске асыруымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Әлеуметтік саланы дамыту негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өткен партиялықтар 2024 жылы облыста 3 300 орындық 4 мектеп пен 1 167 орындық 7 балабақша ашылғанын, қазір 7 мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы жалғасып жатқанын хабарлаған. Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша 25 нысанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ былтыр 2024 жылы құны 150 млрд теңгені құрайтын 68 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың ішінде шойын құю зауыты, «Chevrolet Onix» және «SKODA» автомобильдерін өндіру жобалары бар. Бұл бастамалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
«АMANAT» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Сейтбек Қуанышбаев депутаттар жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп сайлауалды уәделердің орындалуын қадағалап отыратынын атап өтті.
«Сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылау – біздің негізгі жұмысымыздың бірі. 2024 жылы фракция 136 отырыс өткізді, оның 94-і Жол картасының орындалу мәселелеріне арналды. Бұл негізгі көрсеткіштердің орындалмау қаупін уақытында анықтауға және жоюға мүмкіндік берді», – деді ол.
Депутаттар азаматтардың нақты мәселелерін шешуге белсенді қатысады. Мысалы, Рудный қалалық мәслихатының депутаттары Азамат Искаков, Санаш Ещанов және Әлия Қайрақбаева Горняцкий ауылындағы көпбалалы ананың жеке баспана алуына көмектесті, ал Қостанай ауданының депутаты Айнагүл Әлімғазина Тобыл қаласының «Шығыс» шағын ауданында балалар алаңының орнатылуына ықпал етті.
Депутаттық фракция 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысанға барды, 555 депутаттық сауал жолдады, 746 қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың 75%-ға жуық өтініштерін шешуге ықпал етті.
«Біз партиялық жобалардың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Мысалы, Ұзынкөл аудандық мәслихатының депутаты Олжас Ағайдаров Ершовка ауылында Мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға қол жеткізді. Сондай-ақ, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Анатолий Злойдың белсенді ұстанымының арқасында «Тобыл» коммуналдық кәсіпорнына қарызды ішінара өтеуге 142 млн теңге бөлінді», – деп атап өтті Сейтбек Қуанышбаев.
«Жарқын ауыл» және «Бақытты отбасы» партиялық жобалары жоғары тиімділігін көрсетті. «Жарқын ауыл» аясында ауылдық жерлерде 9 жаңа үй салынса, «Бақытты отбасы» аясында 3244 отбасыға көмек көрсетіліп, 181 қайырымдылық шарасы өткен.
Отырыс қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды бағдарламаның жүйелі іске асырылуын бақылауды күшейту және барлық жоспарланған іс-шаралардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті:
«Әрбір депутат пен мемлекеттік орган басшысы өзіне жүктелген міндеттер үшін жеке жауапкершілік арқалайды. Біз тек қол жеткізілген нәтижелерді талдап қана қоймай, сондай-ақ туындайтын сын-қатерлерге жедел әрекет етуіміз керек. Барлық құрылымдардың – депутаттық корпус, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің үйлесімді жұмысы ғана өңірдің тұрақты дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етеді», – деп түйіндеді облыс әкімі.