Ресейдің Красноярск өлкесі аяғынан тік тұрып іздеген бала Павлодардан табылды
11 жасар ұлды анасы Қазақстанға алып кеткен екен

Ресейдің Красноярск қаласында тұратын азамат 11 жастағы ұлын іздеп, Қазақстанның құқық қорғау органдарына дейін шағымданған. Баланы Ресейдің құтқарушылары мен достары бір аптадай іздеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысының полиция департаменті хабарлағандай, 5 ақпан күні бала әдеттегідей мектепке кеткен. Бірақ, үйіне қайтып оралмаған. Мектептекі достары ұлдың қайда кеткенін айта алмаған. Әкесі мен құтқарушылар баланы іздеп, өте ауқымды операция бастаған. Облыс пен оған жақын орналасқан аумақтардың бәріне хабарландыру жіберген.
«Анықталғандай, баланың ата-анасы ажырасып кеткен. Сот баланы ата-анасының екеуі де қарай алады, екеуінің үйінде де жүре алады деген шешім шығарған. Сол 5 ақпан күні анасы баланы алып, Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы өз ағасының үйіне алып кеткен. Бірақ, баланың әкесіне ол туралы ескертпеген», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.