Таяу Шығыстағы бітімгерлік миссияға Қазақстаннан 139 әскери қызметші тартылған
Біріккен Ұлттар ұйымы Голан жотасында жүрген әрбір қазақстандық бітімгерге айына 1448 доллар төлейді. Одан бөлек Қазақстан тарапынан ай сайын 3 еселенген жалақы беріледі. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылғы наурыздан бері Голан биіктігіндегі бітімгершілік миссияға 139 әскери қызметші мен 26 бірлік әскери техникадан тұратын ұлттық контингент тартылған. Айта кетері, бұл Қазақстанның алғашқы ұлттық дербес бітімгершілік контингенті.
Жазықбаевтың айтуынша, Голан биіктігіндегі миссияның мақсаты – Израиль мен Сирия арасындағы татулықты қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің бөлінуін бақылау және қадағалау.
«БҰҰ Қазақстан осы миссияға қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн доллар құрайтын төлем жасайды. Оның ішінде шамамен 2,4 млн доллар – жеке құрам төлемі, қалған 2,6 млн доллар – техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін», - дейді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, әр бітімгер әскери қызметшіге айына 1448 доллар бекітілген.
«Төлемақыға тоқталсақ, айына 1448 АҚШ доллары, одан бөлек айына 40 доллар қалта шығыны және жыл аяқталғаннан кейін 345 доллар демалыс өтемақысы бар. Одан бөлек Қазақстан Республикасының атынан төленіп отырған 3 еселенген айлық жалақы бар, ол бір мезеттік емес, ай сайын төленеді. Сосын елге келгеннен кейін санаторий-курорттық емдеу тегін беріледі. Голан биіктігінде болған әрбір айы зейнетке шыққанда 1,5 ай болып есептеледі», - деп түсіндірді қорғаныс министрінің орынбасары.
Жазықбаев Голан биіктігіндегі әскери қызметшілердің рухы өте жоғары екенін атап өтті.
«Оны менің ғана сөзім емес, кейінгі болған шиеленісте біздің іс-қимылымыздан, БҰҰ мен сол жердегі қолбасшының жоғары баға беруінен байқауға болады. Өздеріңізге мәлім, екі-үш күн бұрын БҰҰ-дан әрбір қазақстандық әскери қызметші медаль алды», - деді ол.
Бүгін Парламент Мәжілісі Голан биіктігінде бөлуді бақылау бойынша бітімгершілік миссиясына Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгершілік контингентінің қатысуын көздейтін Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы халықаралық шарттарды ратификациялау туралы заңдарды қабылдады.