«15 қылмыстық іс тіркелген»: Зайытов адамдардың шотынан ұрланған ақшаны банктер қайтарып беруі тиіс дейді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол осы қылмыста алаяқтарға банк қызметкерлері сыбайлас деген пікірін айтты

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ринат Зайытов алаяқтарға қолғабыс ететін банк қызметкерлері мен әкімдіктерді сынаға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өзіңіз жақсы білетіндей, адамзат баласы жаһанданып, жаңарған кезеңде тәуелсіздігін енді қолға алып, етек-жеңін жинай бастаған Қазақстан бұрын естіп, білмеген талай жаңашылдыққа тап болды. Тиісті ақпараты мен тәжірибесі жоқ Қазақстан халқына ол жаңашылдықтар көп зиянды зардабын тигізіп жатыр. Солардың бірі – «онлайн алаяқтық». Жаңа кезеңге жылдам бейімделген «жылпос» алаяқтар күн сайын қорғансыз халықтың шотындағы ақшасын ұрлап қана қоймай, мыңдаған адамның атына сырттай несие рәсімдеп, онсыз да зорға жүрген халықты зарлатып отыр», - деді Ринат Зайытов.

Депутат атағандай, жазықсыз жем болған жандардың жағдайын ұғып жатқан үкімет те, банктер де көрінбейді.

«Ал көп алаяқтық жасау фактілерінде не банк, не жергілікті орган өкілдерінің қатысуымен болғаны дәлелденген. Мысалы, Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері мүгедектігі бар, зейнетакақы жинағында ақшасы бар 90 адамның шотындағы ақшаны жымқырған, Талдықорған, Астана, Алматы қалаларында да банк қызметкерлерінің азаматтардың жеке мәліметіне қол жеткізуге көмектескені жөнінде фактілер анықталған. Дәлелмен айтсақ, республика көлемінде биыл қаңтар, ақпан айларының өзінде ғана кибералаяқтықпен банк қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексiнің 250 - бабы (Өкiлеттiктердi терiс пайдалану) бойынша – 15 іс, ал қылмыстық Кодексiнің 254 - бабы (Мiндеттерiне адал қарамау) бойынша – 17 іс қозғалған», - деді ол.

Зайытовтың айтуынша, бұл киберқылмыстан қорғауға, азаматтардың шоттарының қауіпсіздігін сақтауға міндетті банктерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген.

«Осы әділетті ме? Біз олай ойламаймыз. Ақылға салсақ, алаяққа жем болып, банкке сақтаған ақшасынан айрылып, мойнына жоқ жерден несие жүктеліп, жығылған жандарға жұдырық болып банктер олардың шоттарын да бұғаттайды. Бұл – халыққа жасалған орынсыз қиянат қой. Сәл қиналса мемлекеттен миллиардтап қаржыны қайтарымсыз алатын ойына келген пайыздың өлшемін тағайындап, өз қателіктеріне жауап беруден жалтаратын қайрымсыз банктер қашанға дейін тайрандамақ? Нақақтан нақақ қарызға батқан халықты қорғайтын уақыт келдіғой. Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы Банк емес, «Халық» екенін есіңізгі салайын», - деді ол.

Осы орайда Ринат Зайытов Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында бірнеше мәселені ұсынды.

«Екінші деңгейлік банктер кибералаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың банктік шоттарын бұғаттан шығаруды және де бұл санаттағы адамдардың шоттарын бұғаттауға тиым салу шараларын қарастыруды, шоттарындағы қаржының сақталуына жауапты банктер болғандықтан, кибералаяқтықтан келген зардап пен барлық шығындарды банктер өз тарапынан өтеу міндетін жүктеуді ұсынамыз», - деді ол.