«Ал сендер немене, қолданбайсыңдар ма?»: Бектенов Сапаровқа неге шүйлікті

Автор: Нұргүл Абай

Үкімет басшысы отандық технологияны пайдаланып суды үнемдеуді тапсырды

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстандық компанияның суды үнемдеуге көмектесетін технологиясы өз елімізде емес, Өзбекстанда қолданылып жүр. Үкімет отырысында осыны естіген премьер-министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа шүйлікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстандық Agritech Hub компаниясы Өзбекстанның мемлекеттік тапсырысымен жұмыс істейді екен. Көрші ел отандық компанияның өнімін барлық жерде қолданып, егіс алқаптарына мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар ІТ-жүйе өнімділікке, тауар бағасының динамикасына болжам жасап, суды үнемдеу мақсатында су ресурстарын бақылауға мүмкіндік береді.

«Міне, қараңдар, Өзбекстан біздің технологияны қолданып жүр», - деп назар аударды Бектенов Үкімет отырысында.

«Біз де пайдаланамыз, жұмыс істейміз», - деп жауап берді Айдарбек Сапаров.

«Толығымен қолдану керек. Бүгін осы мәселемен айналысыңдар. Неге Өзбекстан ақша бөледі, біздің «айтишниктер» оларға жұмыс істейді», - деп жалғастырды сөзін Үкімет басшысы.

«Мемлекеттік тапсырыс», - дейді Сапаров.

«Ал сендер немене? Қолданбайсыңдар ма? Суды үнемдемейсіңдер ме? Осы технологияларды пайдаланып, үнемдеңдер», -деп тапсырды Бектенов Сапаровқа.