Тексеріс жүріп жатыр
Әлеуметтік желіде Атырау облысында аудан әкімдігінің қызметкері басшылықтың тапсырмасын орындаймын деп ағаштан құлап, ауруханаға түскені хабарланды. Azattyq Rýhy істің анық-қанығын білу үшін облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен ресми ақпарат сұратты.
Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, оқиға Құрманғазы ауданында болған. Жарақат алған ер адам ауруханада жатыр, ал аудан әкімдігі ешқандай көмек көрсетпеген. Бар болғаны таксиге деп 4 мың теңге берген. Зардап шеккен қызметкердің айтуынша, полиция іс қозғамаған, прокуратура хабарсыз.
Атырау облысының әкімдігі мұндай факт болғанын растады. Алайда олар аула сыпырушы ағашқа басшылықтың тапсырмасымен емес, өз бетінше шықты дейді.
«2025 жылы 22 қаңтарда Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының аула сыпырушысы мекеме аумағында өз бетімен ағаш бұтақтарын кесіп, жарақат алды. Дереу ауруханаға жеткізіліп, алдымен аудандық ауруханада, кейін Атырау облыстық ауруханасына ауыстырылды», - деп мәлімдеді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жұмыс беруші заң аясында материалдық көмек көрсетеді, құқықтық қолдау ұйымдастырылуда. Жағдайға байланысты мемлекеттік еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдарына хабар беріліп, тексеріс жүргізіліп жатыр, деп сендірді әкімдік.