Президент докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге көтеруді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің үшінші отырысында педагогтар мәртебесін көтеру үшін оларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту керектігін айтты. Сондықтан педагог мамандығын оқитын студенттердің стипендиясы өседі.
«Мұғалім мамандығына түсуге арналған талаптарды біртіндеп күшейту қажет. Оның тартымдылығын арттыру үшін болашақ ұстаздар үшін берілетін стипендия көлемін 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге көтеру керек. Сонымен бірге ұстаздар дайындайтын ЖОО-лар мен колледждерді профилизациялаған дұрыс. Негізі, педагогтарды арнайы жоғары оқу орындары дайындағаны дұрыс», - деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы ғылымды дамыту мақсатында докторанттардың стипендиясын 100 мыңнан 150 мың теңгеге көтеру қажеттігін алға тартты.
«Докторантураға бөлінетін гранттардың көлемін арттыру керек. Докторанттардың көбі отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезеңде негізінен стипендиямен күн көреді. Сондықтан олардың стипендиясын 150 мың теңгеге көтеру қажет», - деді Президент.
Тоқаев Білім және ғылым министріне университет мұғалімдерінің жалақысын өсіру мәселесін қарастыруды тапсырды. Бұл мәселе грант көлемін арттыру арқылы шешілмек.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан