Коронавирус батпандап кіріп, мысқалдап шығады - Тоқаев

Президент Қазақстанның коронавирус пандемиясының шарықтау шегінен өткенін айтты

Коронавирус батпандап кіріп, мысқалдап шығады - Тоқаев

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта өтіп жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөз сөйледі. Президент әңгімесінің басын коронавирусқа қарсы күрес шараларынан бастады.

«Еліміз коронавирус пандемиясының шарықтау шегінен өтті. Бірақ індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Бұл індет өте қауіпті, батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Коронавирус қазіргі әлемнің құндылықтарын айтарлықтай өзгертті. Денсаулық сақтау жүйесінің, өзін-өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы арта түсті. Соған сәйкес мемлекет қызметінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болмақ», - деді ол жиналыста.

Мемлекет басшысы эпидемияға қарсы күрестегі бірлік үшін ел халқына ризашылық білдірді.

«Пандемия біздің еліміз үшін де үлкен сынақ болып отыр. Қазақстан халқы ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да бірлігіміздің бекем екенін көрсеттік. Біз бірлігіміздің арқасында кез келген сынақты ынтымақпен еңсереміз деп сенемін», - деді Тоқаев.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.