«Былтыр 200-ден аса адам өндіріс орнында қаза болған»: депутат Экономика министрлігін қатаң сынға алды
Еділ Жаңбыршин қауіпті өндіріс орындарына мемлекеттік бақылау керек екенін айтты

Депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілісте өндірістік қауіпсіздікке қатысты норманы талқылау барысында Ұлттық экономика министрлігіне дүрсе қойды. Кәсіпкерлік кодексте белгіленген мемлекеттік бақылау жүйесіндегі кемшіліктер туралы сөз қозғаған ол министрлік қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істеп жүрген азаматтардың өмірімен ойнап отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңа басшылық келгелі жүйелі өзгерістер болып жатыр, дегенмен бұлардың жұмысына кедергі келтіріп, функцияларын шектеп отырған мәселелер де бар. Жаңа біздің Ұлттық экономика министрлігінің өкілі «заң нормасы кіші және орта бизнестің жұмысын шектейді» дегендей әңгіме айтты. Бұл дұрыс емес. Біз орта және кіші бизнесті емес өте қауіпті өндірісті тексеруге Төтенше жағдайлар министрлігіне құзірет беріп отырмыз. Азаматтық қорғаныстың 70-71-бабында қандай өндірістердің қауіпті екені көрсетілген. Соны алдымен оқып алыңыз. Бұл адамның өмірі мен денсаулығына қатысты мәселе», - деді депутат.
Еділ Жаңбыршин айтқандай, 2024 жылғы мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметі бойынша өндірісте 1408 жұмысшы зардап шеккен, оның 202-сі қаза тапқан. 2024-2030 жылдарға арналған өндірістік қауіпсіздік тұжырымдамасына сәйкес, өндірістік апаттар елімізде азаймай келеді. Мәселен, 2021 жылы 20 апат, 2022 жылы 28 апат, 2023 жылы 21 апат болған, жалпы соңғы 10 жылда 244 апат болды.
«Апаттар қай салада болып жатыр? Атап айтсақ, жүк көтеру механизмінде – 54 апат, тау-кен өндірісінде – 40 апат, мұнай саласы – 42 апат, көмір саласы – 24 апат, газ саласы – 21 апат, химия және мұнай-химия саласында – 14 апат. Бұның бәрі – қауіпті өндірістер. Сіз айтып отырған кіші және орта кәсіпкерлік емес», - деді ол.
Депутаттың сөзінше осы апаттардың бәрі оларға мемлекеттік бақылаудың жоқтығынан болып отыр.
«Біз мемлекеттік бақылауды барлық жерден алып тастадық, оның ішінде қауіпті өндірістер бар. Осы салада жүрген мамандардың айтуынша, олар актіде көрсетілмеген қателікті тіркей алмайды. Олай істесе ереже бұзған болып саналады екен. «Ал көзбен көрген қателікті тіркеп алмасақ, өндіріске үлкен қауіп төнуі мүмкін» дейді мамандар. Қараңыздар, қалай жасап қойғандарын?! Президент жылу электр орталықтарын бақылауға алуымыз керек деп тапсырма берді, сол кезде кәсіпкерлік кодекстен қауіпті өндіріс нормаларының бәрін алып, салалық заңға ауыстырдық. Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне құзірет бердік. Олар барлық уақытта мекемелерге кіріп, жоспарлы да, жоспарсыз да тексеру жүргізе алады. Шахта да, мұнай-газ өндірісі де солай. Біз неге орта және шағын бизнесті желеу етіп, адамдардың өмірімен ойнаймыз», - деді ол.
Еділ Жаңбыршин қауіпті өндірісті тексеру-бақылау құзіретін Төтенше жағдайлар министрлігіне беру керек деп санайды.
«Сол кезде апат та, адам өлімі де, жұмысшылардың жарақат алуы да азаяды. Біз бұл норманы алмаймыз, бірнеше депутат осыған қол қойдық. Ұлттық экономика министрлігі бірінші бизнесті емес, адамның өмірін ойлаңыздар! Бұл халықтың талабы», - деді депутат.