Қазақстандықтар Наурыз мейрамында Ұлы Жібек жолының ізімен Өзбекстанға саяхаттай алады
Туристік тур бес күнге жалғасады

Jibek Joly пойызының туристері алдағы Наурыз мейрамын Қазақстан мен Өзбекстанда атап өту мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының ақпаратынша, үшінші трансшекаралық тур 20-25 наурыз аралығына жоспарланған. Бұл жолы теміржол саяхатының бағдарына Тараз қаласы қосылып отыр.
«Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз – Алматы» бағытындағы халықаралық турдың ұзақтығы 5 күнді құрайды. Саяхатшылар ежелгі қалалардың ерекше атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттайды және екі елдің көрікті жерлерін аралайды. Сонымен бірге туристер шығыстың қонақжайлы атмосферасымен танысады», - делінген хабарламада.
Пойыз жолаушылары үшін этноауылда мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Туристер ұлттық салт-дәстүр, концерттік бағдарламаны тамашалап, дәстүрлі тағамдардан дәм татады.
Туристерге ыңғайлы болу үшін кәсіби гидтер жұмыс істейді. Бұған қоса заманауи вагондарда жайлы тұру жағдайлары, тамақтану және экскурсиялар қарастырылған.
Туристік пакеттерді туристік агенттіктерден сатып алуға болады.