Жарты ғасырдан бері көгілдір отынды армандап отырғандар бар – депутат

Автор: Аягөз Құрмаш

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры желісінің құрылысын тездетіп бастау керек

Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов көгілдір отынды өңірлерге тарту мәселесін көтеріп, үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда газдандыру деңгейі халық санымен 61,8% болғанымен, 6 386 елді мекеннің 1 846-ы ғана табиғи газдың игілігін көріп отыр. Мысалы, Қызылорда облысында 236 елді мекеннің 38-і, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 477-сі, Жамбыл облысында 371 елді мекеннің  277-сі, Алматы облысында 384 елді мекеннің 157-сі, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 65-і газдандырылған», - дейді депутат.

Оның айтуынша, шешімі табылмаған мәселелер жетеді.

«Еліміздің 5 өңірінде газдандыру деңгейі 20%-дан аз. Ақмола облысында 5,7% Қарағанды облысы 3,4 %, Ұлытау облысы 3,5%, ШҚО-да 3,2 %, Астана қаласында 14,3% құрайды. Арғыны қойып, соңғы 50 жыл бойы көгілдір отын арман болған қара көз халқымыз бар. Халықпен кездесуде газы жоқ ауыл біздің ауылға газ қашан келеді деген сұрақпен Үкіметке үлкен сәлемдемесін жылда жолдайды.Былтыр депутаттардың тікелей араласуымен газдандыру үшін республикалық бюджеттен 88,7 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылға 55 жобаға (16 жалғасып жатқан, 29 жаңа жоба) 65 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат теңізге тамшы құйғанмен тең. Бөлінген қаржымен бұрыннан келе жатқан жобалардың жыртығын жамайды», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, президенттің әлемдік деңгейде абырой-беделі мен ұтымды саясатының арқасында елге триллиондаған инвестиция тартылып жатыр.

«Солардың бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-ші желісі.  Жоба құны шамамен - 3,1 трлн тенге. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі. Жоба арқылы Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Алматы облыстарын газбен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ, көптеген жұмыс орындары ашылады. Бұл жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген. Еліміздің әр ауылына газ келіп, мұқым жұрт мәз болатын күн туатына сенеміз. Осы ретте, Үкімет елді мекендерді газдандыру жұмыстарын әрі қарай жандандыру қажет. Сондықтан, келесі мәселелерді қарастыруыңызды сұраймыз», - дейді Мархабат Жайымбетов.

Депутат атағандай, елдің инфрастуктарсын дамыту үшін жыл сайын газдандыру жобаларына барлық қаражат көздерінен кем дегенде 400 млрд теңге қаржы қарастыру қажет.

«Жаңа жобаларды алға тарту. Президент тапсырмасына сәйкес «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысын тездетіп бастауымыз қажет. Өйткені жыл сайын халықтың газ тұтынуы артып келеді. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасының жалғасы ретінде, «Қызылорда-Астана-Көкшетау-Петропавл», «Ақтөбе-Қостанай» және «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры жобаларын қолға алып, қаржы механизмдерін қарастырған жөн», - дейді Мархабат Жайымбетов.