Елімізді инвестиция жағынан тартымды мемлекетке айналдыруымыз керек - депутат

Автор: Темірхан Айжан

Депутаттар Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер жайында пікірлерін ортаға салды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы көтеруде жасанды интеллектінің мүмкіндігін кеңінен пайдалануды, тіпті электронды үкіметке AI фрагменттерін енгізуді, сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеруді тапсырмасы дер кезінде берілді деп санайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Автомобиль және темір жолдар желісін жаңғыртып, жолдардың сапасын арттырып, өткізу қабілетін күшейту маңызды. «Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек», – деді Мемлекет басшысы кеңейтілген кеңесте. Цифрланған әлемде электронды сауданың маңызы артып, озық елдер онлайн нарықты мейлінше меңгеруге күш салуда. Мәселен, 2022 жылы әлем бойынша онлайн сауданың көлемі 5,3 триллион доллар болса, 2024 жылы 6,3 триллион долларға жетті. 2027 жылы электронды сауда ағымы 8 триллион доллардан асады деген болжам бар. Міне, Қазақстан осы үдерістен өз еншісін алып, онлайн нарықты меңгеруі тиіс. Президент осы салаға жауапты басшыларды қабылдап, тапсырма берген болатын», - дейді ол. Сонымен бірге, халықаралық әуе хабын құрудың маңызын бағалады. «Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді», – деп Үкіметке құрлық пен теңізден бөлек, әуе қатынасы арқылы жүкті жедел жеткізу механизмін қарастыруды тапсырды», - деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев та әріптесінің ойын қоштап, Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалғанын айтты.

«Президент аталған жиында жаһандық үдерістер, ең алдымен еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетінін айта келе, дүние жүзінде жаппай цифрландырудың жаңа технологиялық дәуірінің басталғанын, осы міндетті бізде атқаруымыз керектігін жеткізді. Климатқа байланысты жасыл энергетиканы дамытуды қайта қарау ұсынылды. Президент Үкіметке қазіргі жағдай бойынша қандай қиыншылық болсада, бюджет қаржысын барынша үнемдеуді, тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсау керектігін тапсырды. Алдағы уақытта Үкімет пен әкімдердің жұмысы өңірлердің экономикасының даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыстық жағдайының сапасына қарай бағаланатын болды. Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет пен басқа да құзырлы органдарға нақты бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда: инвестиция саласындағы жұмысты күшейту және инвесторларды қорғауға қатысты жүйелі жұмысты жүргізетін біртұтас экожүйе құру қажеттігі, ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін келешегі мықты орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуді, жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін жолға қоюды, жер қойнауын пайдалану саласындағы реформаның жалғасуын қатаң сақтауды, айтарлықтай қоры бар мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгузуді, Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін экономикаға инвесторлар тартуды тапсырды», - деді ол.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударған өзекті мәселелерінің бірі - энергия тапшылығы проблемасы өңірлерді дамытуға, өнеркәсіпке инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға кері әсерін тигізіп отыр дейді.

«Былтыр елімізде өткен референдумда қазақстандықтар Президенттің Атом электр стансасын құру жөніндегі бастамасын толығымен қолдады. Бүгін: «Энергия тапшылығының артуы жағдайында бірінші атом электр стансасының құрылысын жеделдетіп, жалпы елде ядролық кластер құруды бастау қажет. Бұл еліміздің ілгерілеуін қамтамасыз ететін маңызды міндет болып табылады! Үкімет пен Парламенттен екінші атом электр станциясының орналасуына қатысты ұсыныстар күтемін.» -деді Президент. Энергия тапшылығы мәселесін шешіп алғаннан кейін ғана біз инвестициялық жағынан тартымды елге айнала аламыз!

Өз сөзінде Президент инфрақұрылымды дамыту ісіне ерекше тоқталып өтті. Біз ел аймақтарына шыққан кезде жылу инфрақұрылымының ескіріп, тозғанын байқаймыз. Мысал ретінде Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында жылу трассасының капиталды жөндеуін жергілікті тұрғындар 20 жыл күткенін айтқым келеді. Олар жиырма жыл бойы пәтерлерін көмір және отынмен жылытатын! Енді үйлерін бір орталықтан жылытуға мүмкінідіктері бар. Президент: «Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек» дегенді айтты. Сондықтан бұл жұмыстар жалғасады», - деді депутат.

Сонымен бірге, Наталья Дементьева президенттің «Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр» деген сөзіне қатысты өзінің ұсынысын білдірді.

«Қазақстанда туризмді дамыту үшін бірнеше негізгі бағытты қолға алу жөн: ең алдымен, инфрақұрылымды жетілдіру керек. Туристік нысандарға қолжетімділікті арттыру, жолдарды жөндеу және жаңа тасжолдар салу, туристік аймақтарда әуежайлар мен вокзалдарды дамыту, жоғары сапалы қонақ үйлер мен шағын демалыс орындарын салу қажет деп ойлаймын. Ал ол үшін жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Жалпы алғанда, біз экономиканың маңызды секторлары бойынша елімізді инвестициялық жағынан тартымды ел жасауымыз қажет», - деді депутат.