МӘМС қоры 2031 жылға қарай өз міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін – ЖАП

Автор: Нұргүл Абай

Қордың түсімдері азайып, шығыстары әжептәуір көбейеді деген болжам бар

Фото: egemen.kz

Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен оның өңірлік филиалдарының қызметіне мемлекеттік аудит жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ЖАП мүшесі Нұрлан Нұржановтың айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры –  2020 жылдан бері денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызметтеріне бірыңғай тапсырыс беруші және төлеуші. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық қызметтерге ақы төлеу  осы қор арқылы жүргізіледі.

«Аудит қорытындылары Қор активтерінің үдемелі өсуін көрсетіп отыр. 2022 жылы активтер түсімі 1,2 трлн теңгені құраса, 960,7 млрд теңгесі пайдаланылған. 2023 жылы активтердің түсімі 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайып, оның 1 трлн теңгесі пайдаланылды. Қордың инвестициялық табысы 2022 жылғы 66,7 млрд теңгеден, 2023 жылы 113,4 млрд теңгеге дейін өсті, комиссиялық сыйақысының да үдемелі өсуі байқалады. Алайда, қордың қолданыстағы қаржы моделінің болжамына сәйкес, таяудағы 5 жылда медициналық сақтандыру жүйесінің ағымдағы дамуы оның тұрақсыздығына әкеп соғады деп қарастырылуда. Нақтырақ айтсақ, Қордың болжамды түсімдері мен шығыстарына сәйкес 2026 жылға қарай жыл сайынғы шығыстары түсімдерден асып түсіп, Қор 2031 жылдан бастап міндеттемелерін орындай алмайды деп есептеліп отыр», - деп мәлімдеді Нұржанов Мәжілісте өткен үкімет сағатында.

ЖАП аудитінің нәтижесінде Медициналық сақтандыру қорының қаржылық моделінде бірқатар кемшілік бар екені анықталған.

«Атап айтсақ, Қор Регламентіне қайшы келетін қаржылық моделінің түсімдерін қалыптастыру кезінде демографиялық болжамның орнына халықтың орташа өсімі қолданылған. Сондай-ақ инвестициялық табысты есептеу кезінде қаржы құралдары бойынша сыйақының орташа мөлшері 13,5%-дың орнына 11%-ға дейін төмендетіліп есептелген», - дейді ол.

Шығыстар болжамынан да олқылықтар табылған.

«Аудит нәтижесінде 2022-2023 жылдарға арналған қаржы моделінің кіріс және шығыс бөлігі жалпы көлемі 351,1 млрд теңгеге дұрыс қалыптастырылмағаны белгілі болды. Сондай-ақ, Қорда медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығына тәуелсіз актуарлық бағалау жүргізу көзделмеген. Бұған қоса Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық сақтандыру жүйесі үшін актуарлық есеп қалыптастыруды реттейтін нормативтік құжатты әзірлеу және бекіту бойынша құзыреті жоқ болып шықты», - дейді ЖАП өкілі.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке тиісті ұсыныс берген.