Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында «Bir Tolqynda» диалогтары өтіп жатыр

Автор: Бақыт Шынар

«Bir Tolqynda» диалогтық алаңдарының тақырыбы -  «Жұмысшы мамандықтары – Қазақстанның дамуына бастар жол»

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстанның барлық өңірлерінде «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Bir Tolqynda» диалогтық алаңдары өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл кездесулердің мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастарды өндірістік және әлеуметтік мамандықтарға тарту. Бұл мамандықтар ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады.

Қостанайда шара өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің қатысуымен өтті. Спикерлердің айтуынша, өндіріс саласын жаңғырту, шетелдік инвестициялар тарту және заманауи жабдықтарды енгізу жоғары деңгейдегі мамандарды талап етеді. Дәнекерлеу цехының менеджері Дмитрий Парфенов жұмысшы мамандықтарды білім беру жүйесінде насихаттауға және жұмыс берушілердің жастармен өзара іс-қимылын жақсартуға ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

«Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтарына білім беру жүйесінде де, жастарды өндіріске тарту бойынша жұмыс берушілердің тәсілінде де үлкен назар аудару керек. Себебі қазіргі өндіріс алаңдары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда заманауи және белгілі бір біліктілік дағдылары мен білімді қажет етеді», - деді ол.

Ақтауда кездесу педагогика және сервис инновациялық колледжінде өтті, онда жұмысшы мамандықтарының, әсіресе туризм және қоғамдық тамақтану салаларының маңыздылығы талқыланды.

«Біздің экономикамыз жұмысшы мамандықтарына тәуелді. Бұл тек дәнекерлеушілер, монтажшылар немесе құрылысшылар ғана емес. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану саласының өкілдері, аспазшылар, басқарушылар да бар. Ақтау туристік өңір болып есептелетіндіктен, бұл сала маңызды. Сол себепті біз бүгін студенттерге қоғамдық тамақтану және қонақ үй бизнесін басқару саласында жұмыс істеудің артықшылықтарын түсіндірген рестораторды шақырдық», - деді «Жастар Рухы» Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат.

Өскеменде қатысушылар жаңа оқу бағдарламалары мен технологиялардың дамуын атап өтті, бұл студенттерге қажетті дағдыларды тезірек меңгеруге мүмкіндік береді. Шығыс Қазақстан облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айжан Гасанова кәсіподақтардың бұл бастаманы қолдайтынын және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

Тараз қаласы да бұл бастамадан тыс қалмады. Мұнда кездесу барысында кәсіби дамумен қатар, «Отбасы Банкі» арқылы тұрғын үй алу және көлік мәселелері сияқты әлеуметтік аспектілер талқыланды. Жамбыл облысындағы «AMANAT» партиясының жастар қанатының төрағасы Ерғали Рүстемұлы барлық көтерілген мәселелер өңірлік кеңестің отырысында қаралатынын айтты.

«AMANAT» партиясы жанында жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Бұл алаңда жастарға қатысты түрлі мәселелер көтеріледі. Біз осы кездесуде талқыланған мәселелерді алдағы кеңес отырысында қарастырамыз», - деді ол.

«Bir Tolqynda» бастамасы жұмысшы мамандықтарының Қазақстанның тұрақты дамуы үшін маңыздылығын көрсетіп, оларды жастар арасында дәріптеп, әртүрлі салалардағы мансаптық өсу перспективаларын айқындайды.