Ақтау маңындағы ұшақ апаты: қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына демеушілер көмек көрсетеді
Оларға әлеуметтік көмек көрсетілген
Ақтау түбінде құлаған ұшақта көз жұмған алты қазақстандықтың отбасыларына келесі аптада демеушілер тарапынан қолдау көрсетілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, әр марқұмның отбасына 5 млн теңгеден төленуге тиіс болған. Бұған қоса, жерлеу, мәйітті тасымалдау және жол шығындары өтелді.
«Бірақ көмек мұнымен шектеліп қалмайды. Әуе компаниясына немесе апат болған елге қойылатын кез келген талап негізделген болуы керек. Әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, демеушілер тарапынан қолдау көрсетілуі мүмкін. Бәлкім, келесі аптада», - деді Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Қанат Бозымбаев.
Естеріңізге салайық, 25 желтоқсанда Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы Ақтау маңында құлады. Ұшақ бортында 62 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Соның ішінде алтауы – Қазақстан азаматы. Өкінішке қарай, алты отандасымыз да қаза тапты.