Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған
Семейде Жаңа жыл қарсаңында шырша безендіремін деп биіктен құлаған мұғалімнің ісі бойынша қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев күдікті деп танылған. Бұл туралы бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шыршаны сәндеу кезінде №49 мектептің қазақ тілі пəнінің мұғалімі Қуат Айтқалиевтің жарақат алу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 632-бабы 4-тармағы (ауыр зардаптарға əкеп соққан, билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
«Тергеп-тексеру барысында мұғалімдерді кəсіби міндеттерімен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берген қала əкімінің орынбасары А. Хамзаев күдікті ретінде танылды», - делінген бас прокурордың жауабында.
Сондай-ақ шыршаны безендіруге басқа да мұғалімдер (барлығы 5 адам) шыққан. Оларды осы жұмысқа заңсыз тартқан №19 жəне №40 мектеп директорларына сөгіс жарияланды. Ал білім бөлімінің басшысы (Б.З.Булабаев) қызметінен босатылды.
№49 мектеп директоры Г.Т. Токтаубаеваның уақытша еңбекке жарамсыз болуына (денсаулығына қатысты) байланысты директордың міндеттері оның орынбасарына жүктелген.
Естеріңізге салайық, Қуат Айтқалиев 21 желтоқсан күні Семей қаласының орталық алаңындағы шыршаны безендіру кезінде биіктен құлап ауыр жарақат алған еді. Оған хирургиялық ота жасалды. Қазір мұғалім үйінде, жағдайы тұрақты.
Тексеріс барысында Қуат Айтқалиевтің жарақат алуына жұмыс беруші кінәлі екені жүз пайыз дәлелденген.