Мәселе үкіметте талқыланды
Бүгін үкіметте премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға қатаң шектеу енгізетін заңның қаншалықты орындалып жатқаны қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев сыртқы жарнама мен отандық БАҚ-қа тұрақты мониторинг жүретінін, сол жұмыстың нәтижесінде 1,6 мыңнан астам билборд жойылғанын хабарлады. Сондай-ақ, 10 мыңнан астам сайт бұғатталған.
«Азаматтар көшеде немесе БАҚ-та заңсыз букмекерлік жарнаманы байқаса, министрлікке арыз жаза алады. Дәлелдер жеткілікті болған жағдайда, министрлік тиісті әкімдіктер мен мәдениет және ақпарат министрлігіне сұрау жолдап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін қажетті материалдарды жинайды», - деп түсіндірді Мирас Төлебаев.