Түлектердің көбі гуманитарлық мамандықтарды таңдаған
«Болашақ» бағдарламасы басталғалы бері Қазақстанның 13 мыңға жуық азаматы шетелдік жетекші университеттерінде білім алып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ 2025 жылғы 23 қаңтардағы жағдай бойынша статистика ұсынды.
«Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында 12 736 маман даярланды. Оның ішінде 7 322 адам – магистратура, 2 613 адам – бакалавриат, 2 288 адам – тағылымдама, 230 адам – докторантура, 140 адам – маман, 92 адам – клиникалық ординатура, 39 адам – аспирантура, 12 адам интернатура бойынша тәмамдаған», - делінген хабарламада.
Түлектердің көбі – 7 026 адам гуманитарлық бағыттарды таңдаған. Техникалық мамандықтарға 4 583 адам, медицина – 901 адам, шығармашылық мамандықтар бойынша 226 адам түскен.
«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің дені (5 793 адам) Ұлыбритания мен Ирландияда, 3 567 қазақстандық АҚШ пен Канадада, 1 491 адам Еуропа елдерінде оқыған. Көрші Ресейде 875 адам білім алған.
«Қазір 10 262 түлек келісімшарттағы міндеттемелерін орындады. 2 380 адам еңбекпен өтеу мониторингінде тұр, ал 94 адамның оқуға, бала күтіміне және тағы басқа себептерге байланысты еңбекпен өтеу мерзімі шегерілді. Мониторингте тұрған 2 380 түлектің 2 352-сі жұмысқа орналасқан және өз міндеттемелерін орындап жүр, қалған 28 адам қызметке тұру сатысында», - деді орталықтағылар.
Сонымен қатар, «Болашақ» бағдарламасы аясында 792 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өткен.