Нұр-Сұлтанда 10 баланың анасын пәтер кезегінен алып тастаған

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қазір 2 бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатыр

Көрнекі фото

Елордалық батыр ана мемлекет тарапынан берілетін баспананы ала алмай қалуы мүмкін. Оны тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған деп хабарлады «Евразия» телеарнасы.

«Алтын алқа» иесі Күләнда Кучукбаева үй кезегіне осыдан 11 жыл бұрын, яғни астанаға көшіп келген жылы тұрған екен.

«Күйеуіме дәрігерлер қант диабеті деген диагноз қойған. Араға уақыт салып оның қатерлі ісікпен ауыратыны да белгілі болды. Дұрыстап емделу үшін астанаға көшуімізге тура келді. Балаларымыз кішкентай еді. Күйеуіміз екеуміз жұмыс істедік. Оның жағдайы кейін нашарлап кетті», - дейді батыр ана.

Ерлі зайыптылардың тапқан ақшасының бәрі дәрі-дәрмекке кеткен. Отағасы мүгедектік алып, алайда биыл жыл басында қайтыс болыпты. Жығылғанға жұдырық болғандай, жергілікті билік өкілдері көпбалалы ананы тұрғын үй кезегінен алып тастаған. Өйткені, әйелдің атына СҚО-да өзге үй жазылған екен.

«Бұл үйлерді сонау совхоздар бар кезде берген. Ол біздің атымызға жазылмаған тұғын. Ал, кейін атымызда екенін білгеннен кейін сатыңдар деді, саттық, 600 мың теңгеге», - дейді Күләнда Кучукбаева.

Аталған үй көпбалалы ананың елордаға көшкеніне дейін-ақ қирап қалған көрінеді. Алайда, жергілікті билік «әйел әлеуметтік жағдайын төмен көрсету үшін мұны әдейі істеді» деп есептеген екен. Үйдің кезегінен шығарып тастағаны да сондықтан.

Күләнда Кучукбаева сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Ал, сот Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының шешімін заңсыз деп тапқан. Алайда, үй кезегіне жергілікті билік өкілдері оны әлі қоймапты. Ол қазір бала-шағасымен 2 бөлмелі пәтерді 80 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр.