Павлодарда анасын балағаттаған жігіт сотта жауап береді

Автор: Мақсат Әсел

Ол сондай-ақ белгіленген ерекше талаптарды бұзған

Фото: istockphoto.com

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  тәртіп бұзуға бейім және полицияның бақылауында тұрған 449 адам тексеріліп, 113 құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«46 жастағы ер адам үйінде 70 жастағы анасымен жанжалдасып қалған. Ол анасын қорлап, балағат сөздер айтқан. Бұрын сот ер адамға алкоголь ішуге тыйым салған. Анасы бұл жолы полицияға жүгінген. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттері үшін ер адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ, сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны белгілі болып, материал сотқа жіберілді», – деді департамент мамандары.

Екібастұзда тұратын азамат жұбайымен жанжалдасып, балағат сөздер айтып, пәтер ішінен қуып жіберемін деп қорқытқан. Әйел мұндай сөздерге шыдай алмай, полициядан көмек сұраған. Тұрмыс саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін ер адам жауапқа тартылды, сот жәбірленушіні қорғау үшін 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымын шығарды

«Тек бір тәулік ішінде полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 88 хабарлама келіп түсті, оның ішінде 42 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жазаланды. Алты ата-ана кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны, 37-сі алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін жауапқа тартылды», – делінген хабарламада.

Құқық бұзушыларға 29 қорғау ұйғарымы шығарылды, алкогольдік ішімдік ішуге тыйым сала отырып, құқық бұзушының тәртібіне алты ерекше талап қойылды.