Алматылықтар сауда орталықтарына лап қойды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандардың жұмысы  басталды

Алматыда бүгіннен бастап кейбір қоғамдық тамақтану орындары, ХҚКО-лары, мәдениет ошақтары, сауда үйлері мен сауда орталықтары жұмысын бастады. Алматылықтар үшін қаладағы кафе, асхана және мейрамханалар да есігін айқара ашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Қалалық әкімдіктің мәліметінше бүгін 3 мыңнан астам қоғамдық тамақтану орны іске қосылды. Бірақ ол жерлерде топтасып түрлі көңілді кештер және  той-томалақтар өткізуге тыйым салынады.

Одан тыс, Алматыда бүгін аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандардың жұмысы  басталды. Оның ішіндегі киім бутиктері, тұрмыстық қызмет көрсету орындары, сұлулық салондары, химиялық тазалау орындары ашылды.

Әуезов ауданы аумағындағы «Гранд Парк» сауда орталығы бұрынғы АХБК комбинатының орнында орналасқан. Сауда орнының ішінде азық-түлік супермаркеті, тұрмысқа қажетті заттар, киім-кешек сататын бутиктер көп. Қасында алтын бұйымдары орталығы және мұнда елдегі ең үлкен жиһаз сататын сауда орталығы да ашылды. Аумағы үш квраталды алып жатқан сауда орны халық ең тығыз, ел аузында «спальный район» аталатын ауданда орналасқан.

«Бүгін бұл сауда орталығында дүйсенбіге қарамастан келушілер өте көп. Халық киім-кешек сататын бутиктерге кезекке көп тұрып жатыр. Екі ай карантинде отырған жұрт бала-шағасына киім алуға, өзге де керек-жарақтар алуға келуде. Ал қызмет көрсету орталықтары, тамақтану орындары мен сұлулық салодарында адам легі айтарлықтай көп емес. Біз әкімдік пен санитарлық дәрігерлердің нұқсауына сәйкес талаптарды сақтауды сұрап жатырмыз. Сауда үйінің бір кіре берісін ғана аштық. Сондықтан кезек пайда болды.  Тепловизор орнатылды. Маскасыз ешкім кіргізілмейді», - дейді Салтанат Ілияс есімді орталық әкімшісі.

Айта кетейік ірі сауда орындарынан тыс, Алматы қалалық жедел штабы 16 ХҚКО-на жұмыс істеуге рұқсат берген. Мұнда 1500 қызметкер жұмысқа шығып, халыққа тікелей қызмет көрсете бастады. Қалада 400-ге жуық қонақ үй ашылды.  Алайда олардың ішіндегі спа-салондары, бассейндер мен жаттығу залдары жабық. Ал азық-түліктік емес базарларға, яғни Барахолканың ашылуына әлі рұқсат жоқ. Билік коронавирус бойынша қалыптасқан жағдайды ескеріп, оларды 1 маусымда ашуды жоспарлап отыр. Эпидемиолог дәрігерлер жұмысын бастаған нысандардың иелерінен және халықтан санитарлық талаптарды қатаң сақтауды сұрайды. 

Айта кету керек, Алматыда 25 мамырдан бастап медициналық маска киюге қайтадан қатаң талап енігізілді. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қалада бетперде киіп жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды қадағалау үшін арнайы топтар құрылған. Олар адамдар көп шоғырланған жерлерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қалада 1656 адам коронавирус жұқтырды. Оның ішінде 1197 адам ауруынан айыққан. Ал 10 адам қайтыс болды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы