Ол АҚШ-тағы шешімді алға тартты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин премьер-министр мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кеше ғана әлемдік саясатта елеулі орын алып, бүкіл халықаралық қауымдастықты өзіне қаратқан АҚШ президентінің ресми ұлықтау рәсімі өтті. Осы күнге дейін әлемнің көптеген елінде адам құқығын қорғау, либералдық көзқарасты қалыптастыру мен азаматтық қоғам орнатуды көздеген құрама штаттарда 47-президент Дональд Трамп бұдан былай екі жынысты бекітті. Яғни АҚШ-та ер мен әйел жынысы заңмен шегеленді», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бұл – ЛГБТ-ға, яғни табиғи жаратылысқа қарсы жынойнақ топтарға біз түгілі, енді АҚШ-та заңмен тыйым салынады деген сөз.
«Бұл жаңалық Батысты өздеріне қорғаушы санап жүрген қызтекелерге төбелерінен жай түскендей болғаны анық. Осы тұста, барлық қызтекеге «Дядя Дональдтан» жалынды сәлем. Бұл ретте АҚШ президентінің шешімі Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының ЛГБТ-ға қарсы ұстанымымен ұштасты. Өйткені біз Мәжіліске келгелі бері ұлтымыздың болашағына балта шауып жүрген азғын жолмен күресіп келе жатырмыз. Мен білетін үкіметке кемінде бірнеше нақты депутаттық сауал жолданды», - дейді Жаңбыршин.
Депутат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды көздейтін арнайы заң нормалары да әзірленгенін айтты.
«Алайда, осы әрекеттерімізге кейбір шенеуніктер батыс елдері өкілдерінің «демократияны шектеп жатырсыңдар», «адам құқығын таптап жатырсыңдар» деген ұстанымдарын желеу қылып, қарсылық білдірді. Тіпті, ЛГБТ өкілдері және олардың сыбайластары депутат әріптестеріме және олардың отбасыларына әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай ақпараттық шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ бұл күресте біз жалғыз қалған жоқпыз. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, жалпы қоғам бізді қолдап E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялады. Небәрі 2 аптада петиция 50 мың қол жинағанын білеміз», - дейді Жаңбыршин.
Ол бұл ұлттық болмысымызға жат, ЛГБТ ағымына халықтың ашық қарсы екендігін көрсетті дейді.
«Ал Парламент бірінші кезекте халықтың мүддесін ескеріп, оны нақты заңнамамен іске асыруы тиіс. Олай болса, Үкімет тез арада келесі шараларды қолға алуы қажет. Бірінші, жоғарыда аталған петиция талаптарын толық қанағаттандыру керек. Екінші, барлық платформада, әлеуметтік желіде ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы заң нормаларын ұсынамыз. Оған Үкімет оң қорытындысын беруі тиіс. Үшінші, ЛГБТ-ны қолдап, Мәжіліс депутаттарына ақпараттық шабуылдарды ұйымдастырған тұлғаларды тауып, жазалауы қажет», - деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.