Қазақстандағы вакцина: жапа шеккендер, 29 млрд теңге және заңға енгізілетін өзгеріс

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда жылына 4 млн 800 мың адам әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алады

Бұл материалда Денсаулық сақтау министрлігінің Azattyq Rýhy агенттігінің ресми сауалына берген жауабын, Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаеваның  пікірін, осы салада қазақ-шетел еңбектерін  оқып, зерттеп жүрген Жұлдыз Сәулебекованың талдауын және балам екпеден кейін ауруға айналды деген отбасылардың қазіргі тағдырларын баяндаймыз.

Қазіргі заң бойынша, балалар мен ересектерге қандай вакцина және неше ай, неше жасында егілетіні туралы ресми ақпаратты мына сілтемеден оқи аласыз.

Әлем елдерінде балаларға қандай вакцина міндетті екені және екпе алмаған бала үшін қандай шектеулер бар екені туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ВАКЦИНА САТЫП АЛУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі:

«Қазақстанда халықты тегін иммундау үшін шамамен 20 вакцина сатып алынады. Халықты ақысыз иммундау туралы Үкіметтің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысымен бекітілген «дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу» қағидаларына сәйкес, сатып алудың бірнеше тетіктері бар.

Қандай да бір вакцинаның Қазақстанда баламасы болмаса, оны тікелей өндірушіден сатып алуға болады. Қазір ұлттық егу күнтізбесі аясында 3 вакцина тікелей шығарушыдан сатып алынады (Pfizer, Sanofi, GlaxoSmithKline). Бірқатар вакциналар ЮНИСЕФ арқылы сатып алынады. ЮНИСЕФ-тің сатып алу процедуралары ашық.

Вакциналарды сатып алудың тағы бір тетігі - ашық тендер. Сатып алу электрондық форматта жүзеге асырылады, бұл әлеуетті жеткізушілер мен бірыңғай дистрибьютордың қызметкерлері арасындағы өзара әрекеттестікті толығымен жояды. Тендер арқылы алынатын  вакциналарға қойылатын талаптар да жоғары: ДДСҰ квалификациясы, Қазақстан Республикасында тіркеудің болуы (сатып алынған вакциналардың тиімділігі, қауіпсіздігі мен сапасын растайды), өндірушінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі және әрбір партияның қауіпсіздігі».

Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева:

«Қазақстанда обаға қарсы вакцина ғана жасалады. Қалған вакциналардың барлығы шет елдерден алынады. Оның ішінде, басым бөлігі Еуропадан алынады. Пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаны АҚШ-тан алып жүрміз.  Қызылша, қызамық, паротит ауруларына қарсы инфекцияны 14 жылдан бері Үндістаннан аламыз. Туберкулезға қарсы вакцина Жапониядан алынады».

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ ЕКПЕЛЕР МІНДЕТТІ, ҚАНДАЙ ЕКПЕЛЕР ЖОСПАРЛЫ?

Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева:

«Мәжілісте мақұлдаудан өткен кодекстің (Халық денсаулығы туралы кодекс - авт.) жобасында вакцинациялаудың міндеттілігі екіге бөлінген. Бірінші топқа жоспарлы екпелер жатады, екінші топқа эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты салынатын екпелер жатады. Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцина бар болса, қаралымдағы заңда инфекциялардың тізімі қайта қаралып, 20 инфекциялық ауру қалды. Оның 11-і жоспарлы (міндеттілердің) ішіне, тоғызы – эпидемиологиялық жағдайға байланысты салынатын вакциналарға жатады».

ҚАЗАҚСТАН БІР ЖЫЛДА ҚАНША МЛРД ТЕҢГЕГЕ ВАКЦИНА АЛАДЫ?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ресми жауабы:

«2020 жылға арналған «облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне вакциналар мен басқа иммунобиологиялық препараттарды сатып алуға арналған нысаналы трансферттер» туралы бюджеттік бағдарлама аясында вакцинациялауға республикалық бюджеттен 29 млрд 090 млн 222 мың 0 теңге бөлінген. Оның ішінде:

-инфекцияға қарсы профилактикалық егулердің жоспарлы түрде жүргізілуін қамтамасыз ету үшін 9 дәріні 27 млрд 327 млн 968 мың 23 теңгеге;

- 6 жұқпалы ауруға қарсы 10 дәріні 1 млрд 647 млн 230 мың 97 теңгеге (бұның ішінде А вирустық гепатиті мен тұмауға қарсы егу жергілікті билік қаражаты есебінен алынады)

- вакциналарды және басқа иммунобиологиялық препараттарды сұйылтуға және енгізуге арналған шприцтерді 115 млн 022 мың 67 теңгеге сатып алдық.

- 2021 жылдан бастап егу күнтізбесіне енетін адамның папилломавирусына қарсы вакцинациясы үшін 5 млрд 058 млн 556 мың 22 теңге қаражат бөлу жоспарлануда».

ВАКЦИНА КІМГЕ МІНДЕТТІ, КІМГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС?

Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева:

«Міндеттілік егілетін адамға емес, егетін адамдарға, яғни, медициналық қызметкерлерге байланысты. Яғни, әрбір адамға екпені ұсыну міндет. Вакцинаны міндетті салады, бірақ, мәжбүрлемейді деп айтсақ дұрыс болады. Өзінің келісімін бермесе, егілушіні мәжбүрлемейді. Қазір Сенатқа өткен кодекстегі шектеулерге тоқталсақ, балабақшадағы 100 баланың 95-і егілген болып, бесеуі егілмесе, олардың балабақшаға баруына рұқсат. Ал, оларға тағы бір бала қосылатын болып және ол егілмеген болса, онда оған шектеу қойылады».

Анықтама үшін: Қазақстанда бала перзентханадан шықпай тұрып, өмірінің төртінші күніне дейін БЦЖ (туберкулезға қарсы) және В гепатитіне қарсы екпе салынады. Ата-ана дәйек келтіре отырып, бұл екпелерді алудан бас тарта алады. Екі айынан бастап алынатын басқа екпелер үшін баланы бірнеше маман тексереді. Хирург, невропатолог сияқты мамандар рұқсат берсе, анасына баланы егу керек деген кеңес айтылады.

 «БАЛАМ ВАКЦИНАДАН КЕЙІН АУЫРДЫ» ДЕГЕН АТА-АНАЛАРДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Ирина, Шымкент қаласы, бір ұлы аутизм ауруына шалдыққан:

«Менің алты балам бар. Алдыңғы төрт баламның дені сау. Жолдасым да, мен де ешқашан ішімдік ішкен жоқпыз, темекі тартқан емеспіз. 2017 жылы ұлдарым Артемий мен Арсений Абразумовтарға екпе салған соң, екеуінің дамуында үлкен өзгеріс (жаман жаққа қарай) байқалды. Қазір бір ұлымның денсаулығы жақсарып келеді, өкінішке қарай, бір ұлым сол қалпы аутизм ауруына шалдықты. Екпеге дейін дені сау бала екенін түскен суреттерінен де қарап дәлелдеп бере аламын. Бірақ әттең, екпеден кейін аутизмге шалдығып жатқан балалар көбейсе де, ешбір ата-ана оны ресми түрде дәлелдей алмайды. Біздің елімізде екпе салу тәртібін мүлдем өзгерту керек. Емханаға барғанда баланың мұрнынан су ақпаса және дене қызуы жоқ болса, болды, екпе сала береді. Перзентханада да солай. Сондықтан, егер екпені міндеттегісі келсе, әрбір баланың денсаулығына жеке-жеке сараптама жасап, дәрігер екпеге қорытынды бере отырып, мойнына жауапкершілік алу керек».

Ольга, Ақтөбе қаласы, бір қызы өмір бойы емделмейтін ішек ауруына шалдыққан:

«Менің үш балам бар. Үлкен қызым 2002 жылы туған. Қазақстанда туғаннан бері салынатын вакциналардың бәрін алды. Кішкене кезінде вакцина алғаннан кейін ол күні түні тоқтамай жылайтын. Ол кезде интернет жоқ, мен оның себебін дәрігерлерден сұрағанда, іші ауырады деп айтатын. Бірақ кейін интернет пайда болған соң оқып-білдім, бала көбіне АКДС екпесінен кейін қатты жылайды екен. Қызым мектепке барғанда реавакцинация (қайталанып салынатын вакцина) алды. Қызымда жазылмайтын аутоиммунды ішек жарасы пайда болды. Екпеден кейін ішегі бірден зақымданған. Бұл дегеніміз – бала күніне 20 рет үлкен дәретке жүгіреді, қиналады, диарея болады. Қызым екі жылай дәретханадан шықпай өмір сүрді деуге болады.

Қазақстанның дәрігерлері аурудың себебін бірден таба алмады. Ресейге барып, Мәскеу және Оренбург қалаларында емделдік. Сол жақта бұл аурудың себебі екпенің теріс әсері  болуы мүмкін екенін және осындай ауру мүгедектікке жататынын біліп қайттым. Осында келіп, дәрігерлерден сұрағанда, бұл иммунды жүйеге вакцинаның тигізген әсері болуы мүмкін екенін айтты. Яғни, иммунитет вакцинаға шыдай алмай, «есінен адасқан». Осылайша, ол өз-өзіне шабуыл жасаған.  Бұның бәрін мен кеш білдім, кеш оқып, кеш зерттедім. Қазір қызым 18 жаста, өмір бойы мүгедек болып өтеді».

Анар, Алматы қаласы, екі баласы аллергияға шалдыққан:

«2013 жылы қызым дүние келді. Шамамен 1,5 жарым жасында АКДС екпесін (көкжөтел, дифтерия, сіреспеге қарсы) салды. Екпе дереу әсерін тигізді. Баланың дене бойында қызыл дақтар пайда болды. Дәрігерлер «не өзіңіз, не балаңыз аллергия шығаратын тамақ тұтынып қойған шығарсыздар» деді. Сол жасында емізуді тоқтатып, омыраудан шығарып жүргемін. Шынымен, қосымша тамақ жақпаған шығар деп ойладым. Екі айдан кейін тағы екпе салды. Ертеңінде аяғы ісіп кетті. Табаны сау баланың аяғынан екі-үш есеге үлкейіп кетті. Шок алдым. Емделдік, бірақ балам аллергияға шалдыққан күйі қалды. Қазір жеуге болмайтын тамақ не сусын, не жеміс-жидек жеп қойса, бірден аллергия шығып кетеді».

Елена, Қарағанды қаласы, екпеден кейін баласының қолтығына ота жасалған:

«2019 жылы 23 тамызда жаңа туған ұлыма Қарағанды қаласының перзентханасында екпе салынды. Үш айдан кейін қолтығының асты домаланып кеткенін байқадым. Қарағандыдағы облыстық балалар ауруханасына бардық. Сол жерде лимфаденит деген диагноз қойды. Балама наркоз салынып, операция жасалды. Ауруханадан шығар кезде «БЦЖ екпесінің салдарынан пайда болған жара» деп қорытынды шығарды».

ВАКЦИНАДАН БҰРЫН БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ТОЛЫҚ САРАПТАМА ЖАСАУ ЗАҢМЕН БЕКІТІЛУІ МҮМКІН

Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева:

«Қазір адамдардың вакцинаға сенбеуінің басты себебі - әлеуметтік желілердің, интернеттің өте жоғары дамуы. Өйткені, жылына 4 млн 800 адам егіледі. Ойлап көріңіз, сол адамдардың барлығы «мен екпе алдым, бірақ баламның жағдайы жақсы» деп жар салмайды ғой. Солардың арасынан бір адам баласының денсаулығының ауытқуын вакцинамен байланыстырған жағдайда, ол дереу интернет желісіне тарайды да, адамдарда вакцинаға қарсы теріс ұғым пайда бола бастайды. Вакцинадан кейін болуыға тиіс теріс әсерлер бар, ол мысалы, денені жауып кететін дақтар, жоғары температура. Ол қалыпты жағдай.

Дегенмен, қазір осы вакцинаның салдары қатты талқыланып, ата-аналар көп шағым айтып жатқандықтан, баланы екпе алдында толық тексеруден өткізуді заңмен бекіту мәселесі қаралып жатыр».

СЫРҚАТТЫҢ ВАКЦИНАДАН КЕЛГЕНІН ДӘЛЕЛДЕУ МҮМКІН ЕМЕС

Жұлдыз Сәулебекова, зерттеуші:

 «Осыдан үш жыл бұрын мен вакцина мәселесіне тіпті қызықпайтын едім. Бірақ, тұңғышымыз дүниеге келген соң бәрі өзгерді.

Жолдасым екеуіміздің ғылыми дәрежеміз бар және шетелде (АҚШ пен Ұлыбританияда) білім алғанбыз, сондықтан медицина әдебиетін, соның ішінде, ағылшын тіліндегі әдебиетті көптеп оқи бастадық. Екпе дегеніміз – бір жақты ғана емес және өте маңызды мәселе екенін білгенде, әрине, таң қалдым.

Ең алдымен, вакциниалардың қауіпсіздігі туралы білген жаңалықтарымыз таң қалдырды. Вакцинаның құрамында тиомерсал (кейбір вакциналар үшін консервант ретінде қолданылатын сынаптың байланысы), полисорбат-80, гидроксид/алюминия фосфатының алюминия қосындысы сияқты денсаулыққа қауіпті және уытты заттар бар екенін білдік. Бұларды иммунды реакцияны күшейту үшін адъювант ретінде бірқатар вакциналарға қосады.

Адъювант дегеніміз не? Бізге вакцинаның ішінде әлсіз немесе өлі вирус/бактерия болатынын айтады. Осылайша, иммунды жүйе сол бактерия мен вирусқа антител, яғни, қорғаныш қабаты жасалады. Бірақ иммунды жүйе әлсіз вирустан қорғаныш қабатын шығара алмайды. Сондықтан вакцина жасаушылар екпеге адъювант қосады. Бірақ бұл туралы бізге учаскелік дәрігер айта ма?

Мына факті де күдік тудырады: вакциналардың қауіпсіздігін тексеру үшін жасалатын зерттеулерде қарапайым физраствор сияқты әлсіз плацебо пайдаланылмайды. Жасалған вакцина басқа вакцинамен тексеріледі немесе құрамында алюмиясы бар плацебомен тексеріледі. Вакцинаны жаңағы айтып отырған соңғы нұсқамен салыстырғанда, вакцина әлдеқайда қауіпсіз болып шыға келеді. Бұл дегеніміз, темекі мен басқа бір есірткі затын салыстыра отырып, есірткіден қарағанда, темекі тарту қауіпсіз дегенді білдіреді.

Ең басты байқағаным, күнтізбеге сәйкес егілген балалардың денсаулығы мен мүлде егілмеген балалардың денсаулығын салыстыра отырып жасалған бірде-бір ауқымды зерттеу жоқ.

Кез келген вакцина баланың иммунды жүйесіне маңызды әсер етеді. Иммунитет нашар болған сайын, вакцинаның салдарын да болжау қиын. Әрбір баланың жағдайын жеке-жеке қарау керек.

Өкінішке қарай, әрбір баланың иммунды жүйесі вакцинаға қалай әсер ететінін нақты анықтау мүмкін емес. Тіпті, дені сап-сау бала вакцинаның ауыр салдарын тартуы мүмкін. Вакцина жасап шығарғандар зерттеу үшін іріктеп алған денсаулығы өте мықты балалардың арасынанда да вакцинадан кейін жағдайы ауырлаған балалар бар.

Бұл жерде мен жүйке жүйесіндегі ауытқу, бала дамуының тежелуі сияқты жағдайлар вакцинадан бас тартудың себебі емес екенін айтпай-ақ та қойсам болады.

Вакциналардың ауыр салдарларына тоқталсақ, Американың VAERS  (Vaccine Adverse Event Reporting System) атты жүйесіндегі мәліметтердің өзі көп ақпарат береді. Бұл жүйе екпеден кейін өлген, мүгедек болып қалған немесе ауруханаға түскен балалардың статистикасы жасалады.

Мысалы, 2020 жылдың 1 қаңтары мен 14 сәуірі аралығында вакцинадан кейін 7835 баланың денсаулығы нашарлаған. Оның 22-сі өліп, 52 баланың денсаулығында өміріне қауіп төнген, 150 баланың жағдайы мүгедектікпен байланыстырылса, 200-ден астам бала ауруханаға  жатқан. Ал VAERS жүйесі ешкімге міндеттелмейді және оған жүгінбеген ата-аналарды ескерсек, сандар мүлде басқаша болатын ба еді.

Ал Қазақстанда вакцинадан кейінгі салдарларды тіркейтін мұндай жүйе мүлде жоқ. Тіпті, баланы вакцинадан кейін өлді деп немесе мүгедек болып қалды деп дәлелдеу мүлде мүмкін емес.

 Осы мәселелерді айтып, таныс дәрігерлеріммен сөйлескенде, олардың бұл мәліметтердің көбінен бейхабар екенін түсіндім. Біздегі медициналық институттарда вакцинология ғылымы мүлде оқылмайтынын, бұл саладағы бар білім екпелердің күнтізбесінен аспайтынын түсіндім».

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан