Астанада туыстарын пышақтаған жігіттің оқиғасы: ауруханаға түскендердің жағдайы белгілі болды

Автор: Нұргүл Абай

Біреуі көз жұмып, үшеуі зардап шеккен

Фото: istockphoto.com

Астанада 21 жастағы жігіт компьютерлік ойын үшін бір үйде тұратын туыстарына пышақ ала жүгірген. Қайғылы оқиға салдарынан біреуі қаза тауып, үшеуі ауруханаға түскен болатын. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы жарақат алған үш әйелдің қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Зардап шеккендер №1 Көпбейінді қалалық ауруханада жатыр.

«1964 жылғы әйелдің көптеген тілінген-кесілген жарақаты бар, сол жақ қабырғасы сынған. Ауруханаға ауыр хәлде түсті, бірден ота жасалды. Қазір интенсивті терапия палатасында жатыр. 1974 жылғы әйелдің де көптеген тілінген-кесілген жарақаты бар, бас жарақаты, оң жақ қабырғасы сынған. Жалпы жағдайы орташа, тұрақты. Ал 18 жастағы қыз да хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы тұрақты, орташа», - деді басқарманың баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, оқиға 17 қаңтар түнде Ғабиден Мұстафин көшесіндегі пәтерде болған. Полиция күдіктіні ұстады. «Адам өлтіру» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.