СҚО-да жеті балалы отбасы апатты үйде тұрып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті атқамінерлер ауылдық округ бюджетінде жекеменшік нысандарды жөндеуге арналған қаражат қарастырылмағанын айтады 

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында 12 отбасы қабырғасы құлап жатқан үйде тұрып жатыр. 10 жылдан бері үрей мен алаң құшағында өмір сүріп келе жатқан тұрғындардың арасында жеті және бес балалы екі отбасы бар. Есік-терезесі үңірейген ғимарат ресми түрде апатты деп танылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚАБЫРҒА ЖЫЛ САЙЫН ОПЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Екі қабатты үй 1955 жылы салынған. Тозығы жеткен ғимараттың сылақ көрмегеніне біраз жыл болғаны айқын аңғарылып тұр. Тұрғындар жөндеу жұмыстарын жасамақ түгілі, қабырғаларына сүйкенуге қорқады. Себебі, кез келген уақытта бетон опырылып түсуі мүмкін.

 «2010 жылдан бері осында тұрамын. Сол жылы үйдің бір қабырғасы опырылып түсті. Келесі жылы екіншісі құлады. Бескөл ауылдық округінің әкімі, төтенше жағдай қызметінің мамандары келді. Ғимаратты жан-жақтан тексерді. Бірақ ештеңе тындырған жоқ. Үйдің төбесіндегі плиталар бір-біріне ілініп әзер тұр. Біреуі қозғалса, барлығы кетеді.  Үй шашылып қалады. Бәріміздің балаларымыз бар. Олардың және өзіміздің өміріміз үшін қауіптенеміз. Құлап жатқан үйге жөндеу жүргізудің еш пайдасы жоқ. Әрі өте қауіпті. Әкімдік мамандары ештеңені қозғауға болмайтынын айтты. Көмектесуге уәде еткен еді. Оны күткенімізге де бірнеше жыл өтті. Ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Бірде төбеден кірпіш құлап, есік алдындағы шатырды қиратты. Ол адамның басына түссе не болмақ?», - дейді апатты үйдің тұрғыны Гүлнәр Темірбекова.

ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ САҚТАЛМАЙДЫ

Апаттық үй Бескөл ауылының орталығында орналасқан. Бір кездері жылыту және кәріз жүйесі де болған. Қазір  пәтер иелері қыс мезгілінде пеш жағып күнелтіп отыр. Отын-көмірді сатып алады. Өрт қауіпсіздігінің талаптарына қайшы болғанына қарамастан, әрқайсысы үйлеріне пеш салып алған. Одан басқа амал жоқ.

«2013 жылы ауылдан көшіп келдім. Тез арада баспана сатып алу қажет болды. Бұл үйдің апатты жағдайда тұрғанын білген жоқпын. Елдегі мал-мүлкімді сатып жинаған 10 мың доллар ақшамды қалтамнан суырып бердім. Өзімнің денсаулығым жоқ. Мүгедектік рәсімдегем. Демікпе, гипертония сынды диагноздарым бар. Оның үстіне, аяғымды баса алмаймын. Жалғыз өзім тұрып жатырмын. Үйге отын тасу, күл шығару, су әкелу сынды жұыстардың барлығы өз мойнымда. Қыс мезгілінде қатты қиналамын. Басқа пәтерлерде кәріз құбыры бар. Біздің пәтерге келетіндері шіріп кеткен болуы керек. Дәретханамыз да далада. Әкімдікке бірнеше рет бардым. Әкім құрғақ уәдеде бергеннен басқа ештеңе істемейді. Басқа пәтер сұрамаймын, кәріз жүйесін жөндеп берсе соған риза болар едім», - дейді зейнеткер Раушан Тілеукина.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САРАПТАМА ЖАСАУҒА ҚАУҚАРЫ ЖОҚ

Екі подъездің әрқайсысында 6 пәтерден бар. Есік-терезелері жоқ. Иелері есік қоюға қауіптенеді. Кез келген соққыдан қабырға түгел қопарылып қалуы мүмкін.

«Фурманов көшесіндегі 11-ші үйдің мәселесін білеміз. Жағдайы қиын. Пәтер иелері кооперативі құрылмаған. Үйдің құжаттары түгел емес. Аталған мекенжайда тұратындардың басым көпшілігі әлжуаз әлеуметтік топқа жатады. Атап айтар болсақ, зйенеткер, көпбалалы отбасылар. Мәселені шешу үшін ауылдық округ бюджетінде жекеменшік нысандарды жөндеуге арналған қаражат қарастырылмаған. Дегенмен, өз тарапымыздан әрекет етіп, тұрғындарға үйді «апатты» немесе «тұруға жарамды» деп тану үшін арнайы сараптама жүргізу үшін көмектесе аламыз. Болашақта оны тұрақты бақылауға аламыз», - дейді Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округі әкімінің орынбасары Алексей Юргель.

ҮЙДЕ 7 БАЛАЛЫ ОТБАСЫ ТҰРАДЫ

Бескөл ауылында апатты үйлер тіркелмеген. Ешқандай мемлекеттік бағдарламалар да жүзеге асырылмайды. Ауылдық округте «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы да жұмыс істемейді.

Вероника Иванованың 7 баласы бар. Күйеуі адам өлтіру фактісі бойынша 10 жылға сотталған. Қазір балаларын жалғыз бағып отыр. Үлкені 16-ға толса, ең кішісі бір жастан асқан. Ешқайда жұмыс істемейтін әйел әлеуметтік төлеммен күнелтіп отырғанын, сараптама жасауға төлейтін артық қаражатының жоқ екендігін айтады.

«Ешқандай жағдай жоқ. Қабырға бетоны қайта-қайта құлайды. Көршілердің барлығы дерлік зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Сондықтан өзіміздің жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамамыз жоқ. Әкімдіктен ешқандай жауап жоқ. Осы оқу жылын 3 балам аяқтап отыр. Келесі жылы тағы екі балам мектепке барады. Балаларым үшін қорқамын. Ойнағылары келеді. Қайта-қайта далаға шығады. Күні бойы аңдимын», - дейді ол.

Талапқа сай сараптаманы тәуелсіз компания жүргізеді. Тұрғындар сарапшыны өздері тауып, келіссөз жүргізіп, ақысын төлеуі тиіс. Пәтер иелері оған мүмкіндік жоқ екендігін айтады. Себебі көбінің алып отырған зейнетақысы мен айлығы шайлығынан да артылмайды. Тұрғындар үйдің қабырғасы толығымен опырылып қалса да, әкімдіктен қандай да бір көмек болатынына күмәнмен қарайды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО