Шығыс Қазақстанда былтыр неше сәбидің шетінегені белгілі болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Аймақта жалпы 10 айда 45 бала көз жұмыпты

Фото: pixabay

Шығыс Қазақстан облысында 2024 жылдың 10 айында 7028 бала дүниеге келсе, 2023 жылдың 10 айында 7501 бала дүниеге келіпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көрсеткіштер бойынша биыл бала саны 473 балаға азайған. Осы уақытта 1 жасқа дейінгі 35 сәби қайтыс болды (2023 жылы 52). Ал 1 жастан 5 жасқа дейінгі 10 бала көз жұмған.

2024 жылдың 10 айында нәресте өлімінің көрсеткіші 1000 тірі туғанға шаққанда 5 пайызға, 2023 жылы 6,9 пайызға тең болыпты.

«Перинаталды кезеңде пайда болған дерттен 19 сәби, туа біткен қатерлі ісіктен 6 сәби, жұқпалы аурулардан 2 сәби көз жұмған. 2024 жылғы 10 айда 1 жастан 5 жасқа дейін 10  бала көз жұмды»,- деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

2024 жылдың 10 айындағы жүкті әйел өлімі тіркелмеген. Ал облыста түрлі дерттің кесірінен барлығы 6845 адам қайтыса болған. 

Айта кетсек, Azattyq Rýhy редакциясы аймақтардағы денсаулық сақтау басқармаларына сәби, ер мен әйелдің өлім-жітімі жайлы ресми сауал жолдаған болатын. Осыған дейін шымкент, СҚО және БҚО-дағы статистика жайлы жазған едік.