Адам өлімі үшін кәсіпорындарға тек ескерту жасалады – Аймағамбетов
Мәжіліс депутаты заңға тиісті өзгерістер енгізу керек деп бастама көтерген
SHYNDYK LIVE подкастының қонағы болған Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов еліміздегі айыппұлдар мәселесін қозғай келе, адам өлімі үшін тек қана ескерту алатын кәсіпорындарға үлкен сомада айыппұл салу керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, елімізде бір жыл ішінде шамамен 1000 адам өндірісте жүріп жарақат алады екен. Олардың ішінде 250 адам мерт болады» дейді депутат.
«Осының бәрі еңбек қауіпсіздігінің сақталмауынан болады. Бірақ, қазір бұл үшін жұмыс берушілер тек ескерту алады», - деген депутат оларға ірі көлемде айыппұл салу туралы бастама көтергенін атап өтті.
Бұл ретте Мәжіліс депутаты біреулер адам өліміне қатысты тек ескерту алып отырса, қарапайым халық автотұрақтың 100 теңгесін төлемегені үшін 10 мың теңгеден артық айыппұл төлеуге мәжбүр екенін еске салып өтті.