СҚО-да ауыл тұрғындары суды қаладан тасып ішіп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданы Якорь ауылының тұрғындары ауыз суды Петропавл қаласынан тасып ішіп отыр. Елдімекенде әр үйге су құбыры тартылған. Алайда, онымен келетін тіршілік көзін асқа тұтыну мүмкін емес. Краннан иісі қолқаны қабатын борсыған су ағады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 МӘСЕЛЕ БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ШЕШІЛМЕЙ КЕЛЕДІ

Якорь – Петропавл қаласының іргесінде орналасқан елдімекендердің бірі. Үш мыңға жуық халқы бар. Ауыл тұрғындарының көпшілігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Үйден шыққанда таңертең 5 литрлік бөтелкелерін ала шығуды әдетке айналдырған. Себебі, кешке жұмыстан қайтқанда үйге су ала келу керек.

«Қалада көпқабатты үйлердің қабырғасында орнатылған су сүзгілері бар. Металл ақша салсаң, су береді. Литрі 10-15 теңге аралығында. Тіршілік көзін сол жерден аламыз. Кешке келгенде артынып-тартынып жетеміз. Күніне орта есеппен 4-5 бөтелке кетеді. Оның өзін үнемдеп пайдаланамыз. Қонақ шақырсақ жағдай тіпті қиындайды. Краннан ағатын сумен тіс те тазаламаймыз. Құрамында не бары белгісіз. Кәріз суы қосылғандай», - дейді Якорь ауылының тұрғыны Гүлия Әбитова.

СУ – ЖЕРГІЛІКТІ ДҮКЕНДЕ ЕҢ ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ ТАУАР

Бұл көпшіліктің басындағы жағдай. Якорь ауылындағы су проблемасы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Бастапқыда тұрғындар краннан судың дұрыс ақпайтынына шағымданған. Енді оған жағымсыз иіс қосылып отыр. Бұл мәселе екі ай бұрын пайда болған. Қарапайым халық суды облыс орталығынан тасығанымен қоймай, оны литріне 15 теңгеден сатып алуға мәжбүр.

Фарида Талгачева – Якорь ауылының тұрғыны. Ол үйдегі краннан ағатын ауыз суды соңғы рет қашан тұтынғанын есіне түсіре алмады. Айтуынша, наурыз айында судың сапасы төмендей бастаған. Қалаға күнде қатынамайтын зейнеткер үшін тіршілік нәрін күнде дүкеннен сатып алудан басқа амал жоқ. 15 литр су алса, қалтасы мың теңгеге қағылады.

«Ыдысқа құйылған су екі күн тұрып қалса, бетіне сары түсті түсініксіз зат жиналады. Кәдімгідей бетінде қалқып жүреді. Құдды бір шалшық сынды. Судан борсыған иіс шығады. Қайнатып та, тұндырып та көрдік. Ешқандай нәтиже жоқ. Не істесек те суды ішу мүмкін емес. Сондықтан күн сайын қаншама ақшамызды суға шығындап отырмыз. Қазір азық-түлік те арзан емес. Қалтамызға түсетін салмақ көбейді. Біздің осы мәселені тыңдап, шешімін тауып берер жан болса», - дейді зейнеткер.

Сапасыз ауыз судың зардабын тек Фарида Талгачева емес, маңайдағы тұрғындар да тартып келеді. Ауыл жұрты суды қазір тек шаруашылыққа ғана пайдаланатындарын айтады.

«Ауылдағы азық-түлік дүкенінде сатушы болып жұмыс істеймін. Қазір 5 лиртлік су сүт пен нан сынды жоғары сұранысқа ие. Кейде әкеліп үлгермейміз. Кранды ашып қойса, біраз су аққанан кейін иіс кеткендей болады. Бірақ аз уақыттан кейін қайта шығады. Қалай амалдауға болатынын да білмеймін. Сүзгенмен, нәтиже жоқ», - дейді Якорь ауылының тұрғыны дейді Нина Лычкина.

ҚҰБЫРЛАРДЫҢ ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН

Сасық судан әбден қажыған бұқара, биліктен де көмек сұраған. Алайда халықтың жан айқайын құлағын асқан жан табылмаған сыңайлы. Ауылды сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылжар-ТҮКШ» серіктестігі судың сапасының барлық талаптарға сай келетініне сенімді. Жағымсыз иісті ол құбырлардың тозуымен түсіндіреді. Және оған халықтың өзін айыптайы.

«Көбі суды дұрыс пайдалана білмейді. Тартылған құбырларған 30-40 жыл болған. Олар тұрып қалғанда жағымсыз иіс шығады. Ал біз беріп жатқан судың сапасы жақсы. Оған ай сайын судың сапасына жүргізілетін сараптама дәлел. Тұрғындардың барлығы бірдей шағымданып жатқан жоқ. Құбыр ауыстырылса, мәселе жойылады», - дейді «Қызылжар-ТҮКШ» директоры Қайырбек Нұралин.

САРАПТАМА НӘТИЖЕСІН БІР АЙ КҮТУ КЕРЕК

Ауылда 3 мыңға жуық тұрған бар. Елдімекендегі су желісі 12 шақырымға созылып жатыр. Құбырлардың тартылғанына жарты ғасырдан асып кеткен. Биыл желінің 7 пайызы ғана жаңартылмақ. Қалғаны келер жылдардың еншісіне қалдырылып отыр.

«Су ауылға таңертеннен кешке дейін ғана беріледі. Елдімекенді тәулік бойы қамтамасыз етуге болмайды. Себебі, тозығы жеткен құбырлар шыдамай, жарылып кетуі мүмкін. Биыл желінің 800 метрі жөнделмек. Оған 7,5 миллион теңге бөлінді. Қалғаны келесі жылдардың еншісіне қалдырылады», - дейді Қызылжар ауданы Якорь селолық округінің әкімі Влерий Тихий.

Көпшіліктің шағымынан кейін өткен аптада ауылға эпедемиолог мамандар келіп, судан сараптама алған. Бірақ оның қорытындысы әзірге дайын емес. Тұрғындарға күрделі зерттеу нәтижесі шамамен бір айдан кейін ғана белгілі болатыны айтылыпты. Қарапайым сараптаманы бір ай бойы күтуге мәжбүр болып отырған халық сапалы ауыз судың ауылға биыл жетеініне де күдікпен қарайды. Якорь тұрғындарының суды қашанға дейін сатып алуға мәжбүр болатыны белгісіз.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Тегтер: