Балаға таласқандар не істейді - Мүфтият ДНҚ анализге қатысты пәтуа шығарды

Автор: Бақыт Шынар

Ғұламалардың пікірінше, ешбір себепсіз ДНҚ сараптамасын жасату дұрыс емес

Фото: © freepik.com

Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасы балаға ДНҚ анализ жасауға қатысты пәтуа шығарып, ислам діні бойынша қандай жағдайда осы сараптаманың нәтижесіне жүгіну дұрыс екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚМДБ мәліметіне сүйенсек, шариғат бойынша баланың тегін анықтаудың төрт жолы бар.

«Олар: баланың ақ некемен дүниеге келуі, әкесі балам деп мойындауы, куәлік келтіруі және қияфа арқылы (ұқсату яғни баласын әкесіне ұқсатуы) бекиді. Ал бүгінде баланың тегі ДНҚ арқылы анықталып жүр. Баланың ақ некемен дүниеге келуі жайлы мына оқығаны мысалға келтіруге болады: Сағд ибн Әби Уаққас пен Абд ибн Замға екеуі бір балаға таласып қалғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «бала – төсек иесінікі ...» – деп, баланы Абд ибн Замғаға шешіп берген», - деп жазады мүфтият.

Осы ретте мүфтият ДНҚ әдісімен текті анықтау шариғатта текті анықтаудың төрт жолынан бұрын тұра ма, әлде кейін тұра ма деген мәселеде екі ұстаным бар екенін алға тартып отыр.

Мүфтият жазғандай, біріншісі, көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, ДНҚ арқылы текті анықтау қияфадан (ұқсату) жоғары тұрады. Екіншісі, кейбір ғалымдар ДНҚ арқылы текті анықтау нақты дәлелге жатады әрі басқа дәлелдерге қарағанда жоғары тұрады.

Ал дереккөзге сүйенсек, Ислам Фиқһ академиясының ДНҚ-ға қатысты №194 қарарында «мына төрт мәселеде ДНҚ арқылы текті анықтауға жүгінуге болады» деп жазылған екен. 

Ол төрт жағдай мынандай: 

  • тегі белгісіз балаға екі тарап таласып қалғанда;
  • ауруханада, жетімдер үйінде балалар ауысып кеткенде;
  • табиғи апаттар мен соғыс жағдайында қайтыс болған адамның, жоғалып кеткен баланың кімге тиесілі екенін анықтауда;
  • анық болған текті ДНҚ-ның нәтижесіне сүйеніп, мойындамау дұрыс емес.

Осылайша мүфтият ДНҚ сараптама жүргізу мәселесіне қатысты мынандау пәтуа шығарған.

«Шешім: қажеттілікке қарай ДНҚ арқылы баланың тегі анықталса, нәтижесі негізге алынады. Ешбір себепсіз ДНҚ сараптамасын жүргізу дұрыс емес», - деп хабарлайды ҚМДБ.