Бүгінге дейін 200 мыңнан астам отбасы азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар алды
Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы және Тұңғыш Президент қорының қолдауымен «Birgemiz» қоры мұқтаж қазақстандықтарға атаулы көмек көрсетуді жалғастыруда. Бүгінге дейін 200 мыңнан астам отбасы азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар алды. 362 мың отбасына 50 000 теңгеден төленіп, бұл жалпы 1,3 млн. астам қазақстандықты қамтыды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың аралық нәтижелері туралы бейнероликті «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Сондай-ақ, нұротандықтар түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдардың тұрғындарына белсенді түрде көмек көрсетуде. «Nur Otan» партиясының барлық филиалдарынан азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары және жеке гигиена құралдары түріндегі 1000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар толықтай қайта жөндеуден өткен немесе жаңа салынған үйлермен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік нысандарды, инженерлік желілер мен жолдарды қалпына келтіруге 14 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоры да қосымша көмек көрсетеді. Қор достық ауылының зардап шеккен барлық тұрғынын жаңа баспанамен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, олар үшін мырзакент елді мекенінде 20 үй салынады», - делінген бейнероликте.
Айта кетейік, бұған дейін «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен бірге бөлінген жерлерді арнайы барып аралап, жергілікті тұрғындармен кездескен еді. Бұл жерде саман кесектен тұрғызылған үйлердің орнына газ блоктарынан ауданы 100 шаршы метрді құрайтын 4 бөлмелі үйлер салынады. Осы мақсатта қамқоршылық кеңестің шешімімен «Birgemiz» қорынан 340 миллион теңге бөлінді. Бауыржан Байбек құрылыс жұмыстарының сапасы авторлық және техникалық бақылау саласындағы мамандардың қатысуымен, ерекше партиялық бақылауда болатынын атап өтті.