Алматыда ақылы автотұрақтың бағасы көтеріледі

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада үш жыл бұрын іске қосылған ақылы паркинг жүйесі өзін өзі ақтамай отыр. Бюджетке миллиондаған теңге салық төленгенімен, жобаға қаражат салған жеке инвесторлар бір тиын пайда таппаған

«А-Паркинг» жобасының қазіргі жұмысымен таныстарған компания директорының айтуынша, олар үш жыл ішінде қаладағы автотұрақ жүйесін оңтайландыруға 3 млрд 900 млн теңге инвестиция салынған.

«Бірақ осы жылдары жұмсалған қаржының қайтарымы нөлге тең. Есесіне республикалық бюджетке 1,7 млрд теңге түсім болды. Оның ішінде қала бюджетіне 561 млн теңге салық есебінде төленді. Ал 622 млн теңге тұрақ үшін 100 теңге төлемейтін жүргізушілерден айыппұл ретінде жиналды,» - дейді «Алматы спецтехпаркинг сервис» серіктестігінің бас директоры Марат Пірінбеков.

Фото. Марат Пірінбеков, «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бас директоры   

Қаланың ақылы автотұрақ жүйесінің 70 пайызына иелік ететін кәсіпорын өкілдері бұл қызметтен бас тартпайтындарын айтады. Бірақ, қызмет ақысын өсіруді көздеп отыр. 

«Мекеме шығыны 472 млн теңге. Десе де салынған қаржы алдағы уақытта ақталады деген үміт басым. Ол үшін жүйені жетілдіру, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мобильдік қосымша арқылы тұрақ ақысын төлеуге ынталандыру,  ақылы тұрақ аймағындағы көліктерді сақтандыру қызметін қосу бойынша жобалар қажет. Ал осының барлығын жүзеге асыру үшін компания автотұрақ ақысын көтеру керек»,- дейді ЖШС  директоры.

Бұл бастама жақын күндері қалалық әкімдік пен мәслихатқа ұсынылмақ. Автотұрақ ақысы қаншаға қымбаттайды деген сұрақтың басы ашық қалды. Үш жыл бұрын  Алматыда ақылы тұрақ аймағына кірген көлікке бір реттік төлем 100 теңге деп бекітілген.

Алматыда 11 мың ақылы автотұрақ орны бар. Оның ішінде 5 мыңы тротуарлық, яғни жолдың жиегіне қойылатын автомобильдер тұрағы.  Ал Қоғамдық кеңес мүшелері компанияның көпқабатты автотұрақтар салу идеясының қолдау таппайтынын ашық айтты. Себебі шаһарда әлемдік мегополистердің үлгісінде бірнеше қабатты паркингтер жүйесін жасау үшін бос жер телімдері қалмаған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы