Семейде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған егіздерге әкімдік екі пәтер беруден бас тартқан

Автор: Дулат Асель

Даулы мәселе сотта қаралды

Фото: © istockphoto.com

Семей қаласының тұрғыны, 2001-2011 жылдары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта тәрбиеленген азамат, өзінің тұрғын үй құқығын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті атқарушы орган егіз бауырларды мемлекеттік тұрғын үй кезегіне бір нөмірмен тіркеген. Нәтижесінде, бір бөлмелі пәтер тек бір бауырына беріліп, екіншісі отбасы мүшесі ретінде ғана көрсетілген. Бұл мәселе талап қоюшының сотқа шағымдануына негіз болды. 

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарау барысында әрбір ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың мемлекеттік тұрғын үй қорынан жеке баспана алуға құқылы екенін атап өтті. Сот мемлекеттік органның талап қоюшының баспанасы бар деген дәлелін қабылдамады, себебі тұрғын үйді жалдау шарты жасалмағаны және пәтердің талап қоюшының бауырына тиесілі екені анықталды. 

«Сот шешімі бойынша, Семей қаласының Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі талап қоюшыны 2008 жылдың 6 маусымынан бастап ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қоюға міндеттелді. Егер сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде орындалмаса, бөлімге қатысты ӘРПК-нің 127-бабының тәртібінде процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылатын болады», - делінген хабарламада.