$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2024, 16:40
Қоғам

Қазақстан халқының өміріне күрт әсер еткен 10 өзгеріс қандай

Ұлу жылы несімен есте қалғанын біздің шолудан оқыңыз

Қазақстан халқының өміріне күрт әсер еткен 10 өзгеріс қандай
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәңгіге тарих қойнауына еніп бара жатқан 2024 жыл қазақстандықтардың өміріне біраз өзгеріс әкелді. Ең есте қалғаны да бір сағат артқа жылжыған уақыт пен бұқара халықтың жалпыға ортақ декларациядан босатылуы болды. Azattyq Rýhy өткенге көз жүгіртіп, ел халқының болашағына әсер еткен маңызды өзгерістерге шолу жасады.

Балалар Ұлттық қордан өз үлесін алады

Жылдың басы баласы бар ата-аналар үшін қуанышты жаңалықтан басталды. Бірінші қаңтарда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылып, ақпан айында кәмелетке толмаған барлық баланың арнайы шотына алғашқы доллары түскен еді. Осылайша жас қазақстандықтар Ұлттық қордан өз еншісін ала бастады.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Ұлттық қордың кірісен жиналған ақшаны шетелде білім алу үшін пайдалануға да рұқсат етіледі.

Баланың шотындағы ақша доллармен жиналады. Ал төленетін кезде сол күнгі бағаммен теңгеге аударылады.

Бір ел – бір уақыт

Биыл бүкіл елді «шулатқан» үлкен өзгерістің бірі республиканың бірыңғай уақыт белдеуіне ауысуы болды. Бірінші наурызға қараған түні Қазақстанның 15 өңірі уақытты бір сағат артқа жылжытып, қалған бес облыспен теңестірген.

Осыған дейін Қазақстан екі уақыт белдеуін қолданған: UTC+5 және UTC+6. Алайда ғалымдардың пайымынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Адам денсаулығы үшін күн сәулесіне, яғни табиғи уақытқа барынша жақын тұрақты уақыт белдеуін қолданған дұрыс. Үкімет осы тұжырымды негізге алып бүкіл республиканы UTC+5 уақыт белдеуіне көшірді.

Биліктегілердің бұл шешімі халыққа жаға қоймағаны рас, әсіресе түнгі үште таң атып, түскі үштен кейін кеш бататын шығыстың тұрғындарына тіптен қиынға соқты. Десе де үкімет «адам ағзасы біртіндеп бұл уақытқа үйренеді» деп райынан қайтар емес.

Петиция институты

Осы жылы сәуір айында азаматтардың ұсыныстары мен реформаларын жариялайтын петиция сайты іске қосылды. Кез келген азамат сол сайтқа кіріп, онлайн петиция бастай алады.

Петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет. Ал аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның қолдауы керек. Облыстық деңгейде қарастырылатын петиция үшін облыс халқының 1 пайызынан астамының қолы қажет. Егер облыс тұрғындарының 2 пайызы қолдаса, онда облыстық мәслихат қарайды. Ал қолдаушылар саны 50 мың адамнан асса, петиция үкімет деңгейінде қаралады.

Осы институт жұмыс істей бастағалы бері 50 мыңнан астам қол жиналған екі петиция үкіметте қаралып та үлгерді. Қазақстандықтар биліктен бұрынғы уақытты қайтаруды және утиль алымын алып тастауды талап еткен. Алайда екі петиция да қанағаттандырылған жоқ.

Үйдегі тирандарға жазаны қатаңдатқан заң

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты осы жылдың ең резонансты процесі болды. Азаматтар тарапынан бұл сотқа қызығушылық жоғары болғаны отбасындағы зорлық-зомбылықтың қоғам дертіне айналып бара жатқанының айқын көрінісі еді. Ең жақын адамының қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың өлімі жылдар бойы күйеуінің қорлығына шыдап жүрген әйелдердің жан жарасын ашты. Қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоятын жаңа заң күтті.

15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда «Салтанат заңы» аталып кеткен әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойды. Құжат араға екі ай салып күшіне енді.

Жаңа заңда балаға қатысты жасалған қылмыстар үшін жаза қатаңдатылған. Қылмыстық кодекстің 99-бабына өзгеріс енгізілді. Кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер енді тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл бап бойынша қылмыскерлер 20 жылға сотталатын.

Сондай-ақ педофилдерге де тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Бұған қоса Қылмыстық кодекске жаңа 109-1 «Ұрып-соғу» деп аталатын бап қосылды. Яғни «тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағандар» 80 АЕК айыппұл арқалайды не 25 тәулікке қамалады.

Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға жәбірленушімен бірге бір үйде тұруға тыйым салынады. Мұндай құқықтық ықпал ету шарасы отыз тәулікке дейін қолданылады.

Заңдағы нормалар туралы толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.

Қазақстанда АЭС салынады

Биыл қазақ халқы қызу талқылап, республикалық референдумда дауыс беру арқылы тағдырын шешкен маңызды мәселе АЭС құрылысы болды. Қазақстан 2030 жылға қарай электр энергиясы тапшылығымен бетпе-бет келетіні көптен бері айтылып жүрген. Энергетика министрлігі қазірдің өзінде электр энергиясына сұраныс артып, жетіспеушілік байқала бастағанын мәлімдеген. Ел экономикасы үшін таза атом энергиясы қажет екенін президент те талай рет айтқан еді. Үкімет бұл проблеманың бірден бір шешімі ретінде атом электр станциясын салуды ұсынды.

Алтыншы қазан күні республикалық референдум өтіп, дауыс беруге келгендердің 71 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдаған. Қазақстан аумағында АЭС-ті қай ел салатыны әзірге белгісіз.

Қарапайым халық декларациядан босатылды

Елімізде 2021 жылдан бері біртіндеп жалпыға ортақ декларациялау жүйесі енгізіліп келеді.  Алғашқы үш кезеңде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттелген. Ал 2025 жылы жоспар бойынша тағы 8 миллионға жуық адам осы жүйеге қосылуы керек болатын. Алайда президент осы жылдар аралығында цифрландыру ісі мен салық бақылауы жақсы дамығанын алға тартып, Үкіметке қарапайым халықты декларациядан босату мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынған.

Министрлер кабинетінің оң шешімі көп күттірмеді. Үкіметтің кезекті отырысында премьер-министр Олжас Бектенов келесі жылы қатардағы азаматтар табыс декларациясын тапсырмайтынын жариялады.

Жалпыға ортақ декларация тек мына азаматтар үшін қалады: шетелде активтері барлар; бір жыл ішінде құны 20 мың АЕК-тен (74 млн теңге) асатын дүние-мүлік сатып алғандар; өздігінен салық салынатын табыс үшін.

Құмар ойынға тыйым

Биыл Парламент депутаттары лудоманиямен күресуге бағытталған тағы бір заң қабылдады. Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, бюджеттік ұйымдардың басшыларына құмар ойын ойнауға және бәс тігуге тыйым салынады. Осы шектеуді бұзғандар бірден жұмыстан шығарылады.

Сонымен қатар, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына барынша шектеу қойылған. Тұрғын үйлердің қасбетінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыс қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнамаға тыйым салынды. Жарнама тек спорт нысандарында, спорттық бағыттағы сайттар мен телеарналарда, спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етілген. Блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар да мұндай ойын түрлерін жарнамалай алмайды.

Бұдан бөлек, құмар ойынға тәуелді адамдар осы ойынның құрығына түспеу үшін енді eGov mobile қосымшасында өздерін 10 жылға дейін шектей алады.

Баспаналы болудың жаңа жолдары

Жуырда елімізде тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері туралы заңға қол қойылды. Бұл құжат үйі жоқ азаматтардың біразына баспаналы болуға көмектеседі деген үміт бар. Жаңа заңға сәйкес, жарты жылдан кейін «Отбасы банк» Ұлттық даму институтына айналып, әкімдіктер жүргізген тұрғын үй кезегі Отбасы банкке өтеді. Осылайша үй кезегінде тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы құрылады және кез келген азамат өтініш беріп, осы кезекке тұра алады. Мемлекеттің қолдауымен баспаналы болғандардың тізімін Отбасы банк өзінің ресми сайтында жариялап отырады.

Сондай-ақ осы заңның аясында Қазақстанның 55 мыңға жуық азаматы сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерін бастапқы жарнасын төлеп, «рассрочка» арқылы жекешелендіріп алуға құқылы. Ал кейбір санаттағы азаматтарға үй, тіпті, тегін беріледі.

Бұдан бөлек, 2024 жылы Отбасы банк «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламаларын іске қосты.

Банктер алаяқтар алған кредитті кешіреді

Биыл 1 қыркүйектен бастап ерікті түрде кредит алудан бас тартқан қазақстандықтар өз атына заңсыз рәсімделген несиені төлемейді. Банктер мұндай қарыздарды есептен шығаруға міндеттелген.

Айта кетері, елімізде кредиттен өз еркімен бас тарту құқығы осы жылдың ақпанында ақпанда енгізілген. Азаматтар электронды үкімет порталы арқылы өз атымнан несие алмаймын деп шектеу қоя алады.

Бұған қоса, кредиторлар алаяқтар алған кредиттер бойынша тергеу жүргізіліп жатқан уақытта сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндетті болады. Несиені алаяқтың алғаны, ал клиент бұдан бейхабар болғаны анықталса, сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін банк тарапынан клиентке қойылатын барлық талап тоқтатылады.

Сонымен қатар 20 тамыздан бастап биометриялық идентификациядан өтпеген клиентке онлайн кредит беруге тыйым салынды.

Медицинадағы өзгеріс

Биылдан бастап медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі сақтандырылады. Тиісті заңға көктемде қол қойылған еді. Сақтандыру институты қызмет барысында қателік жіберген медицина қызметкерлерін қосымша қорғау тетігі болмақ.

Жаңа өзгерістер бойынша жұмыс берушілер қарамағындағы медицина қызметкерлері үшін жарна төлейді. Сосын арыз-шағым түсіп, дәрігердің қателігі мүгедектікке алып келсе және ол дәлелденсе, немесе өлімге әкеп соқса, сараптама комиссиясының қорытындысы негізінде зардап шеккен науқасқа немесе оның туысқандарына заңмен белгіленген мөлшерде өтемақы төленеді.

Сонымен қатар, осы заң аясында ауылға кемінде 5 жыл жұмыс істеуге баратын дәрігерлерге ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Қазір ол 8,5 миллион теңге, болашақта бұл сома өсе береді. Ауылға баратын ақхалаттылардың еңбек өтілі ескерілмейді.

Серіктес жаңалықтары