Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң күшіне енді: отбасындағы тирандарды қандай жаза күтіп тұр

Бала зорлаған педофилдер өмір бойына сотталады

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заң күшіне енді: отбасындағы тирандарды қандай жаза күтіп тұр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Биыл 15 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңға қол қойды. Араға екі ай салып күшіне енген жаңа заңның негізгі нормалары қандай? Енді әйеліне жұдырық ала жүгіретіндер мен балаға зорлық-зомбылық көрсететіндер қалай жазаланады? Толығырақ Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.

Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер

Осы заңмен Қылмыстық кодекске жаңа 98-3 бап қосылды. Ол «Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу» деп аталады.

Яғни сот қылмыстық құқықбұзушылық жасаған агрессорды үш айдан бір жылға дейін психологиялық көмектен өтуге мәжбүрлей алады.

Сонымен қатар жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша не телефон арқылы сөйлесуге тыйым салуы мүмкін. Атыс және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға, бұдан бөлек ішімдік ішуге, есірткі шегуге және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салады.

Сот тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға жәбірленушімен бірге жер үйде, пәтерде немесе өзге де баспанада тұруға тыйым салуға құқылы. Мұндай құқықтық ықпал ету шарасы отыз тәулікке дейін қолданылады.

Елімізде балаға қатысты жасалған қылмыстар үшін жаза қатаңдатылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабына өзгеріс енгізілді. Енді кәмелетке толмаған баланы өлтіргендер тек өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл бап бойынша қылмыскерлер 20 жылға сотталатын.

Сондай-ақ педофилдерге енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Қылмыстық кодекстің 120-бабынан бала зорлағаны үшін 20 жылға соттау түріндегі жазаның балама түрі алынып тасталды.

121-бап бойынша кішкентай балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандар да өмір бойына түрмеге тоғытылады.

Қазір елімізде кәмелетке толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиісу жағдайлары жиілеп кетті. Алайда қолданыстағы заңнамада мұндай қылмыс үшін жауапкершілік жоқ. Соның салдарынан балалардың құқығы қорғалмайды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске жаңа 121-1-бап «Он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу» қосылды. Бұл бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып немесе онсыз, 200 АЕК дейін түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту мақсатында «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұру» баптары Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстен алынып, Қылмыстық кодекске енгізілді.  

Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекс 108-1-баппен «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» толықты. Мұндай қылмысқа барғандар 200 АЕК дейін айыппұл төлейді не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады, не 50 тәулікке қамауға алынады.

Ал жаңа 109-1 бап «Ұрып-соғу» деп аталады. Яғни «тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау».

Жазасы – 80 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алу.

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп аталатын 106-баптан «бас бостандығын шектеу» деген сөз алынып тасталды. Яғни жаза қатаңдылды. Осы баппен айыпталғандар 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

107-баптан да (Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) «бас бостандығын шектеу» түріндегі жазаның баламалы түрі алынып тасталды.

Қылмыстық кодекстің азаптау бабы да (110-бап) өзгеріске ұшырады. Жаңа норма бойынша  азаптау тек қайталанған, жүйелі түрдегі ұрып-соғу емес. Енді аса қатігездікпен және қорлау арқылы жасалған бір реттік зорлық-зомбылық та азаптауға жатқызылады. Бұл бап бойынша 1000   АЕК дейін түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

105-баптың атауы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» деп толықтырылды. Бұрын ол жай ғана «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп аталатын.

Сондай-ақ депутаттар суицидті насихаттауды әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде криминализациялау негізді деп шешіп, Қылмыстық кодекске "313-1-бабын «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» кіргізді. Егер суицидті әлеуметтік желіде немесе тағы басқа жолдармен насихаттаудың арты адам өлімімен аяқталса, насихаттаушы үш жылдан бес жылға сотталады.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте не өзгерді?

Кодекске балаларды қорғау мақсатында жаңа бап қосылды. Ол 127-2-бап. Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) деп аталады.

Бала буллингке ұшыраса, алдымен ескерту жасалады немесе 10 АЕК айыппұл салынады. Егер дәл осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанса, құқықбұзушы 30 АЕК айыппұл арқалайды.

Егер буллингті 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар жасаса, онда ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар ескерту алады немесе 10 АЕК айыппұл төлейді.

Соңғы кездері жолақысын төлемеген немесе билеті жоқ балаларды ауа райына және басқа да жағдайларға қарамастан қоғамдық көліктен түсіріп тастау оқиғалары жиілеп кетті. Көбіне балалар мектепке және қосымша сабақтарға өз бетінше барады. Осыған байланысты жаңа заңмен ата-анасы және (немесе) заңды өкілі ертіп жүрмеген 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынып отыр.

Тиісінше Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 593-бабы 1-1-бөлікпен толықтырылды. Егер жүргізуші немесе кондуктор баланы автобустан түсіріп тастаса, оларға 5 АЕК айыппұл салынады.

Күйеуінен таяқ жеген әйелдер жұмысынан демалыс алуға құқылы

Еңбек кодексінің 97-бабы мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылады:

Жұмыс беруші тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет ұсынатын ұйымдарға түскен қызметкеріне жалақысы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын демалыс беруге міндетті.

Жалақы сақталмайтын демалыс жәбірленушінің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі. Хабарламада демалыстың ұзақтығы көрсетіліп, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі қоса берілуі керек.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.