Нұрдәулет Қилыбай мен Маңғыстау халқы түнгі 3-ке дейін әкімдікте не істеді

Автор: Нұргүл Абай

Әкіммен кездесуге 150-ден аса тұрғын келген

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өзінің жеке қабылдауына келген азаматтармен түнгі сағат үшке дейін сөйлескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

12 желтоқсан күні облыс әкімі Ақтау қаласының тұрғындарымен кездескеннен кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған. Әкімдіктің ақпараты бойынша, Нұрдәулет Қилыбайдың жеке қабылдауы түнгі 3:00-ге дейін жалғасқан.

«Облыс әкімінің жеке қабылдауы мүгедектігі бар жандардың өтініштерін тыңдаудан басталды. Сондай-ақ қабылдауға үйінің шатыры мен жертөлесінде, подъезі мен ауласында мәселе туындаған тұрғындар келіп, өңір басшысынан көмек сұрады. Нұрдәулет Қилыбай коммуналдық саладағы ақауларды сол сәтте қалпына келтіру үшін жауапты азаматтарды, басқарма басшыларын тұрғындардың үйлеріне жіберді. Бұдан бөлек кездесуге Маңғыстау облысында «Елім» такси қызметін жүзеге асыруды бастаған кәсіпкер әйел келіп, әкімнен қолдау сұрады. Оның өтініші қолдау тауып, жергілікті билік тарапынан меморандум жасау туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы облыс әкімінің қабылдауына 150-ден астам тұрғын келген. Олардың басым бөлігі еңбек дауы, жұмыссыздық, үлескерлердің құқығын қорғау, тұрғын үй, жылумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласы және туристік бағыттарды дамыту сынды тақырыптарды көтерген.

Облыс әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, барлық мәселені заң аясында шешу үшін тиісті құқық қорғау органдары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді, деп атап өтті әкімдік.