«MEGA Silk Way» карантин кезінде 1,6 млрд теңге табыстан айрылды

Автор: Azattyq Rýhy

20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда ойын-сауық орталықтары ашылды

Фотолардың авторы: Нұрдаулет Әбікеев

Бүгіннен бастап елордада эпидемиологиялық ахуалдың дұрысталуына байланысты сауда орталықтары ашылды. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі қаладағы ірі сауда орталықтарын аралап, карантиннен шыққан тұрғындардың көңіл-күйін сырттай бақылап қайтқан еді.    

«MEGA Silk Way»  еліміздегі ең ірі сауда орындарының бірі. Орталық пандемияға байланысты екі айға жуық қызметін тоқтатқан. Енді міне, бүгіннен бастап елордалықтарға есігін айқара ашып отыр.  

Мұнда сақтық шаралары қатаң сақталуы тиіс. Маскасыз ішке өтуге рұқсат жоқ. Кіреберісте тепловизор орналастырылған. Күзетшілер келушілердің дене қызуын тексереді. Қолын антисептикпен тазалауды міндеттейді. Маскасыз келгендер үшін кіреберістегі бұрышта қорғаныс бетпердесі сатылады. Бағасы  100 теңге. 

Орталықтағы дүкендер таңертеңгі 10-нан бастап жұмысқа кіріскен. Біз «Marwin» кітап дүкендер желісіне бас сұқтық. Келушілер саны аз емес. Дүкен ішіне бір мезетте 5 адамға дейін кіруге рұқсат етілген.

«Шыны керек, бұл күнді асыға күттік. Кеше дүкен ішін ретке келтіріп, тазалап шықтық. Бүгін үлкен мереке сияқты. Өкінштісі, әлі толық құрамда жұмысқа шыққан жоқпыз. Өйткені, төтенше жағдай басталғанда қызметкерлердің көбі өз үйлеріне кетті. Қазір қалада карантин режимі аяқталған жоқ. Сондықтан олар Нұр-Сұлтан қаласына әлі жете алмай жатыр. Дегенмен, жұмысқа осы құраммен де үлгеріп жатырмыз», - деді «Marwin» кітап дүкендері желісінің әкімшісі Данияр Келісов.

Ал, бүгіннен бастап ресми түрде ашылған «MEGA Silk Way» орталығы карантин кезінде 1 млрд 600 млн теңге табыстан айрылған. Өйткені, төтенше жағдай кезінде орталықтағы дүкендер жалға алу құнын төлемеген.

«Өздеріңізге белгілі, карантин кезінде біздің орталық жұмысын тоқтатты. Сәйкесінше, сауда орындарын жалға алушылардан қаражат түскен жоқ. Бүгінге дейін біз бірде-бір жұмысшыны қысқартпадық. Керісінше, үш баласы және одан да көп баласы барларға материалдық қолдау көрсеттік. Қазір дүкендердің 97 пайызы толық жұмысына кірісті», - деді «MEGA Silk Way» сауда ойын-сауық орталығының директоры Қанат Төлеубаев.

Айта кетейік, сауда ойын-сауық орталықтары ашылғанымен, онда тамақтану орындары (фудкорт), балаларға арналған ойын алаңдар мен кинотеатрлар жұмыс істемейді.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан