Заң мен тәртіп – «Жастар рухы» осы науқан аясында қандай шаралар атқарып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ақерке Искендированың айтуынша, жастар қанаты полициямен бірге 400-ден астам рейдке шыққан

Фото: партияның баспасөз қызметі

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искендирова «Заң мен тәртіп» аясында өтіп жатқан «Қауіпсіз қоғам», «Вандализмге жол жоқ!» және «Есірткіге жол жоқ!» республикалық акцияларының нәтижелері мен маңызы жайында сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

–Қазір  Қазақстанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қоғамның қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырған «Қауіпсіз қоғам» республикалық акциясы туралы айта кетсеңіз?

– «Қауіпсіз қоғам» республикалық акциясы ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруға бағытталған маңызды жоба. Акцияның басты мақсаты — қоғамда құқықтық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау. Бұл шараны біз 3 қала мен 17 облыста 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Акция аясында полиция департаменттерімен бірлесіп 400-ден астам рейд өткізілді, нәтижесінде 8600 құқық бұзушылық анықталып, жойылды. Бұл рейдтер қоғамдық орындарда тәртіпсіздік пен жол жүру ережелерін бұзуды анықтауға бағытталды. Әрине, бұл акция қоғамда құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастар арасында құқықтық тәртіпті сақтауға үлкен ықпал етуде.

– Ал, «Вандализмге жол жоқ!» акциясы туралы не айта аласыз? Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

– «Вандализмге жол жоқ!» акциясы 2023 жылдың қазанында басталып, Қазақстанның түрлі өңірлерінде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға бағытталған. Атаулы шарада мәдени мұраны сақтау және жастар арасында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат еттік. Акция аясында біз «Тамғалы тас» петроглифтері, Ш. Құдайбердіұлы мен С. Сейфуллин ескерткіштері, «Тектұрмас» кесенесі сияқты маңызды тарихи орындарды тазарттық. Бұл акцияға 3000-нан астам белсенді мүшеміз бен еріктілеріміз қатысып, 700-ден астам ескерткішті тазартты. Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары «ҚР Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заң аясында вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы түзетулер пакетін қабылдады. Бұл — қоғамның мәдени құндылықтарға деген құрметін арттырып, вандализмнің алдын алудағы маңызды қадам деп білемін.

– «Есірткіге жол жоқ!» акциясы да қоғам үшін өте маңызды шара екені белгілі. Осы акцияның қоғам мен жастарға әсері қандай?

–Атаулы акцияда Жастар қанаты есірткіге қарсы күресті насихаттау және салауатты өмір салтын қолдауды көздейді. Біз бұл шарада үш негізгі бағытта жұмыс істеп келеміз, бірінші, барлық аймақтық филиалдарда есірткі жарнамаларын өшіру бойынша жұмыстар атқарылуда. 2023 жылдан бастап «Жастар Рухы» белсенділері мен волонтерлері уәкілетті органдармен бірлесе 9 мыңнан астам есірткі жарнамаларын жойды. Екіншіден, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Мысалы, Халықаралық жастар күніне орай Астанада «Bir Tolqynda» би чемпионаты өтті, оған 300 жас қатысты. Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде мини-футбол, волейбол, жүзу сияқты спорттық жарыстар өткізілді, жалпы 3000-нан астам жас спорттық шараларға қатысқан. Үшіншіден, біз «Bir Tolqynda» және «Рухтастар Cases» диалог алаңдарын ұйымдастырып, жас пікір көшбасшыларымен және мамандармен есірткі заттарының зияны туралы сөйлесіп, қоғамдағы есірткіге қарсы күресті күшейтудеміз. Диалог алаңдарында жастарға керекті ақпарат пен кейстерді айтып, көрсетеміз.

–Бұл акциялар жастар арасында қандай оң өзгерістерге әкелді деп ойлайсыз?

–Әрине, бұл акциялардың жастарға берер үлкен әсері бар. Біріншіден, олар жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етуде. Есірткіге қарсы күрес, мәдени мұраларды қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу — бұл жастардың болашаққа деген, қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтады. Сонымен қатар, «Жастар Рухы» белсенділері мен еріктілері өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, қоғамдағы өз орнын анықтай бастады. Алдағы уақытта да біз қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін жаңа жобалар мен бастамаларды іске асырмақпыз. Бұл жобалар жастардың әлеуметтік жауапкершілігін күшейтіп, елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосуға бағытталған.