Қарағандыда алаяқ әйел зейнеткердің 6 миллион теңгесін өз шотына аударып алған

Автор: Дулат Асель

Күдікті 63 жастағы ер адамның сеніміне кіріп, одан ұялы телефонын уақытша пайдалануға сұраған

Фото: © istockphoto.com

Қарағанды облысының Абай ауданы полицейлері 38 жастағы жергілікті тұрғынды алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Полиция мәліметінше, күдікті 63 жастағы ер адамның сеніміне кіріп, одан ұялы телефонын уақытша пайдалануға сұраған. Әйел салықты шұғыл төлеу керек деген сылтаумен телефонды иемденіп, банктік қосымша арқылы бөтен біреудің шотынан 6 миллион теңгені өз есепшотына аударып алған», - делінген хабарламада.

Жәбірленуші бұл әрекетті ірі көлемдегі ақша аударымы туралы банк ескертуінен кейін ғана анықтаған.

Күдікті кінәсін толық мойындады, ал ұрланған қаражатқа қатысты заттай айғақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.