Головкин Қазақстан спорты қандай жағдайда дамитынын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Томас Бах Головкиннің жұмысына сәттілік тілеген

Фото: Olympic.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Olympism 365 комиссиясының отырысына алғаш рет қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми іс-шара онлайн форматта өтіп, әртүрлі елдерден комиссия мүшелерін біріктірді, олардың қатарында ХОК президенттігіне үміткерлер лорд Себастьян Коэ және ханзада Фейзал әл-Хусейн де болды. Еске сала кетсек, Геннадий Головкин 2024 жылдың мамыр айында ХОК-тың Olympism 365 комиссиясының мүшесі болып тағайындалған еді.

Olympism 365 комиссиясы – спорт пен олимпиадалық құндылықтардың қазіргі қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған Халықаралық Олимпиадалық комитетінің стратегиялық бастамасы. Комиссияның басты мақсаты – спортты БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қолжеткізудің құралы ретінде пайдалану.

Комиссия ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеу бойынша жұмыс істеп, спорт, денсаулық, білім, гендерлік теңдік және инклюзия салаларының тұрақты дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, комиссияның қызметі бұқаралық спортты дамытуға және олимпиадалық құндылықтарды насихаттауға бағытталған серіктестікті нығайтуға көмектеседі.

«Қазақстан үшін Olympism 365 сияқты халықаралық жобаларға қатысу маңызды. Бұл спортты интеграциялау, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ елімізде олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Геннадий Головкин.

Отырыста ХОК президенті Томас Бах Геннадий Головкинді комиссия мүшелеріне жеке таныстырып, оның жұмысына табыс тіледі.

Айта кету керек, Olympism 365 бағдарламасына қатысу - Қазақстанда қолжетімді және инклюзивті спортты дамыту үшін әлемдік үздік тәжірибелерді қарастыру. Спорттағы әлеуметтік бірлікті, денсаулықты және теңдікті нығайту құралы ретінде пайдалану, тұрақты дамуға жол ашатын ХОК жобаларына қатысу, сондай-ақ әлемдік спорт аренасындағы позицияларды нығайту сияқты мүмкіндіктер береді.