Тілшіміз Айжан Темірхан осы елге жасаған сапарынан материалдар сериясын ұсынады
Камбоджада өткен Азия саяси партияларының конференциясы аясында Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қанат Тумышпен кездесіп, аз-кем сұхбат алған еді.
Қанат Тумыш биыл наурыздан бастап Камбоджа Корольдігі мен Лаос Халықтық Демократиялық Республикасында да елші болып, қосымша қызметті қатар алып жүр.
Оның айтуынша, Камбоджа елінде қазір небары 20 қазақ қана тұрады екен. Олардың біразы жұмыс бабымен барса, біразы тұрмыс құрып барған. 2024 жылы қазан айынан бастап Алматы мен Астанадан курортты қала Сиануквильге рейстер ашылған. Енді аптасына екі рет Камбоджаға Қазақстаннан тікелей ұшақ қатынайды. Осыған байланысты, болашақта туристер саны артып, демалушылар саны 40 мыңға дейін жетуі мүмкін.
«Камбоджаға қатынайтын отандастарымыз көбейеді деп отырмыз. Адам болған соң әртүрлі жағдай болуы мүмкін, жедел көмек қажет болса, елшілікке жүгінетін кездер болады. Сондықтан алдағы басты мақсат - әуелі Камбоджада Қазақстанның құрметті консулдығын ашып, кейін толыққанды елшіліктің жұмысын бастау. Мәселен, таяуда ғана Кенияда, Шри-Ланкада Қазақстанның елшілігін ашу туралы шешім қабылданды», - деді Қанат Тумыш.
Ең қызығы, орта жастан асқан камбоджалықтар қазақтарды таниды, жақсы көреді. Бұған өткен ғасырдағы мына бір тарихи факт себеп.
«Кеңес одағы кезінде көптеген студенттер Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алған. Мәселен, Қазақстанды қадағалайтын Сыртқы істер министрінің орынбасары кезінде Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыған. Сондықтан камбоджалықтардың еліміз туралы көзқарасы өте жағымды, болашақта қарым-қатынасымызды дамыта түсу керек», - деді спикер.
Қанат Тумыш келесі жылы дипломатиялық қызметтегілерді өзара визадан босату туралы келісім жасалатынын айтты. Одан бөлек, Қазақстан мен Камбоджа арасындағы саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойылмақ.
«Камбоджа халқы – небір азапты бастан кешкен тағдырлы халық. 1975-1979 жылдардағы геноцидтен 3 миллион адамынан айырылды. Саяси процестер жүріп, нәтижесінде революциялық партияны жақтағандар мен корольді жақтағандар бейбітшілік туралы келісімге келді. Қиын саяси өзгерістерді артқа тастаған Камбоджа бүгінде өзге елдерге үлгі боларлық жағдайға жетті. АСЕАН елдері арасында іс жүзінде көшбасшыға айналып, экономика бойынша алға шықты. Камбоджаны болашақта үлкен перспективалар күтіп тұр. Ауыл шаруашылық министрімен кездескен кезде, ол Қазақстаннан ет экспорттағысы келетінін айтқан еді. Сондай-ақ Камбоджада өсетін күріштің сапасы әлем бойынша ең жоғары, дәмді әрі бағасы арзан. Екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту үшін бізге ынтымақтастықты дамыту керек. Бізге фитосанитарлық және ветеринарлық ынтымақтастық туралы меморандум жасау қажет. Бұл мәселені жақында күн тәртібіне шығарамыз», - деді Елші.
Қанат Тумыш сөз соңында Қазақстан мен Камбоджа арасындағы тауар айналымында бұрынғы жылдарға қарағанда өсім бар екенін атап өтті.