Жанжалға студенттердің әлеуметтік желідегі әзілі себеп болған
Шымкентте екі студентті соққыға жықты деген күдікке ілінген колледж директорының орынбасары мен дене шынықтыру мұғалімдері қызметінен шеттетілді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкентте колледжде оқитын екі студент «завуч» пен дене шынықтыру мұғалімдерінен таяқ жегенін айтып шағымданған. Студенттердің әлеуметтік желіде қалдырған пікірі директордың орынбасарына ұнамаған сыңайлы. Жәбірленушілердің айтуынша, директордың орынбасары оларды колледждің жертөлесіне кіргізіп, соққыға жыққан. Жертөледе дене шынықтыру мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары да болыпты.
Мәжіліс кулуарында оқу-ағарту министрі тергеу жүріп жатқанын, бұл іс қатаң бақылауда екенін айтты. Ал күдікке ілінген «завуч» пен мұғалімдер қызметінен шеттетілген.
«Қазір тиісті шаралар қабылданды. Осыған байланысты тергеу аяқталғанға дейін олар жұмысынан аластатылды», - деді Бейсембаев.