Қазақстанда АӘК төлеудің жаңа тәсілі пайда болады – Жақыпова Тоқаевқа есеп берді

Автор: Azattyq Rýhy

Осылайша министрлік атаулы әлеуметтік көмек шын мұқтаж жандарға берілгенін қалайды

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Светлана Жақыпова Тоқаевқа атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін ұсынған.

«Бұл шаралар әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттырып, көмектің тиісті азаматтарға дәл жетуін көздейді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды лицензиялау жүйесі енеді», - деп хабарлайды Ақорда.

Сондай-ақ Жақыпова кездесуде халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жөнінде баяндаған.

«Биыл 804 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде 200 мыңнан астамы жастар. Ал 9 мыңға жуық азамат, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін грант алған», - деп хабарлады министр.