Не жұмыста жоқ, не оқуда жоқ: Қазақстанда такси жүргізу мемлекеттік бағдарламалардан тиімді болып отыр ма

Автор: Аян Бекжанұлы

Жұмыс істемейтін және біліммен, болмаса, кәсіптік оқумен айналыспайтын жастардың саны 379,37 мың адам

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Елімізде білім алмаған, жұмыс істемейтін, яғни NEET санатындағы жастардың саны аз емес. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, олардың саны 380 мыңға жуықтайды. Бұл елдің әлеуметтік және экономикалық саясатына айтарлықтай әсер ететін үлкен проблема екені анық. Осы бағытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаруалар неліктен жемісін бермей отыр? Светлана Жақыпова жетекшілік ететін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы неліктен тиімсіз? Azattyq Rýhy тілшісі осы орайда, қабылданып жатқан шаралардың іс жүзінде тиімділік танытпайтындығы туралы мәселені көтеріп, олардың әлсіз тұстарына талдау жасап шықты.

NEET (Not in Employment, Education, or Training) санатына жататын жастардың басты проблемасы – қоғамнан оқшаулану мен белсенділіктің төмендеуі. Бұл санатқа жұмыс істемейтін, оқуға немесе кәсіби дайындықтан өтпейтін жастар кіреді. Олардың негізгі қиындықтарының бірі – еңбек нарығында сұранысқа сай дағдылар мен білімнің жоқтығы. Әсіресе, ауылдық аймақтардағы жастарға жоғары білім алу немесе кәсіби оқыту курстарына қатысу мүмкіндігі шектеулі. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі, мотивацияның жоқтығы, жұмысқа орналасу тәжірибесінің болмауы, және ақпараттың қолжетімсіздігі олардың қоғамда өз орнын табуын қиындатады. Мұның салдары ұзақ мерзімді жұмыссыздыққа, қаржылық тәуелділікке және психологиялық мәселелерге әкеледі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне көз жүгіртсек, биыл жыл басындағы көрсеткішке сәйкес, 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайызды құрайды.

«Жұмыс істемейтін және біліммен немесе кәсіптік оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 7,1% (379,37 мың адам) құрады», - делінген Ұлттық статистика бюросының хабарламасында.

Осы орайда, статистиканың 15 жастан басталуы, дәл осы шақта мектеп оқушылары 9-сыныпты бітіруімен байланысты. Яғни олардың орта білім алуы үшін не колледжге оқуға түспегені, не 10-сыныпқа барып, білімін ары қарай жалғастырмағаны меңзелген. 15 жастағы бозбаланың назардан тыс қалып, қоғамнан оқшаулануына кім жауапты!?

ТАКСИ ЖҮРГІЗУ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДАН ТИІМДІРІК ПЕ?

Ал өз кезегінде депутат, Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев осы бағыттағы Қазақстан Үкіметінің сылбырлығын қатты сынға алып, адам шошырлық статистиканы мәлім етті. Айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейін кемінде 3,3 миллион жаңа жұмыс орнын немесе жыл сайын кем дегенде 470 мың жұмыс орнын құруды қадап тұрып тапсырған. Мемлекет басшысының берген нақты тапсырмасына қарамастан Үкімет көзбаяушылықпен айналысып, жаңадан құрылған жұмыс орындарының 80 пайызын уақытша, яғни тұрақты емес түрін ашады.

Бейсенбаев осы орайда білдей бір Үкіметтің қыруар қаржы жұмсап ашқан мемлекеттік бағдарламаларының орнына Yandex жүйесінің жұмыссыздық мәселесін шешуде әлдеқайда тиімділігін көрсетіп отырғанына да қатты назар аударды.

Депутат үкіметтік бастамалар мен жеке платформалардың тиімділігін салыстыру үшін нақты мысал келтіріп өтті. Оның айтуынша, аталмыш шетелдік жүйе жұмыспен қамту саласында мемлекеттік бағдарламаларға қарағанда айтарлықтай тиімді нәтиже көрсеткен. Бейресми деректерге сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл жүйе арқылы 700 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істеген. Осылайша, олардың жалпы табысы шамамен 1 триллион теңгені құраған, ал компанияның өзі 400 миллиард теңгеге жуық кіріс тапқан. Сонымен қатар, бұл платформаны ел аумағында 12 миллионнан астам адам пайдаланады.

«Біздің Үкімет арманмен өмір сүреді», - деген мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жауапты ведомстволардың жұмыс істеудегі тиімсіз тәсілдеріне қатты шүйліккен болатын.

Осы мысал арқылы депутат үкіметтің жұмыспен қамту саласындағы бағдарламаларының әлсіз тұстары мен шектеулерін ашып көрсетті. Ол жеке сектордың цифрлық технологияларды қолдана отырып, кең ауқымды аудиторияға қолжетімді бола алатынын және айтарлықтай нәтиже бере алатынын баса айтты.

Біз осы орайда депутат айтқан шетелдік компанияның тиімділігін тексермек болып, алты сағаттай эконом класс көлігімен жүргізуші болып көрдік. Осы аралықта 16 мың теңге ақша тапсақ, оның 10 мың теңгесі таза кіріс болды. Міне осы мысалға қарап-ақ күніне алты сағаттан таксиде қызмет еткен адам айына орташа есеппен кем дегенде 300 мың теңге табыс таба алатынын байқауға болады. Сәйкесінше алты сағаттан көп жұмыс істеген адам одан да көбірек пайда табады.

«Таксиде жүргеніме біраз жылдың жүзі болып қалды. Осыдан 10 жылдай бұрын көшеде қол көтерген клиенттерді іздеп сабылушы едік. Қазақстанға шетелдік такси компаниялары келгелі жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеп, табысымыз едәуір өсті. Бірер жыл бұрын қытайлық компания қосылып, жұмысымыз тіптен жеңілдеп еді. Бүгінде олар біздің нарықтан кетті. Айтпағым, қазір күніне тоғыз-он сағат жұмыс істеймін. Кәдімгі таңертең жұмысыма кетіп, кешке қарай ораламын. Күн сайынғы орташа табысым – 25 мың теңгенің көлемінде. Ал ай сайын 500 мың теңгедей табыс табамын. Бала-шағамды осылай асырап отырмын», - дейді Астанада тұратын Арман есімді жүргізуші.

Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар көлігі жоқтарды да жұмыспен қамтып отыр. Қазір қандай да бір дүниені жеткізіп беретін курьерлердің де жалақысы көз қуантады.

«Жасым – 24-те. Астанада жаздыгүні арнайы сатып алған мопедіммен, ал қыста жаяу жүріп, курьер болып жұмыс істеймін. Күніне үш-төрт сағат, кейде одан да көбірек жұмыс істеп, күнделікті жүріс-тұрысыма қажет бес-алты мың теңге тауып аламын. Ай сайын шамамен 300 мың теңгедей қиналмай табамын. Өмір сүруіме әзірге жетерліктей. Алдағы уақытта осы бағытта көбірек табыс тауып, кәсіп ашсам деп жоспарлап жүрмін», - дейді елордалық Ринат Балтабаев.

Ал Үкіметтің жұмыссыз қазақстандықтарға арнап дайындаған мемлекеттік бағдарламалары 15-34 жас аралығындағы жастарға кемінде 300 мың теңге жалақы беруге қауқарлы ма? Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар ресми түрде жастар санатынан саналады.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАНЫҢ ОРТАША ЖАЛАҚЫСЫ

Осы тұста Үкіметтің, нақтырақ айтқанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастауымен жастар арасындағы жұмыссыздықты жою жөнінде «Жастар практикасы» бағдарламасының жалақысына көз жүгіртіп көрдік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 1 тамыздағы мәлімет бойынша 14,7 мың адам жұмысқа орналасыпты. Ресми жалақысы кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш болады. Теңгемен есептегенде 110 760 теңге.

«Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 109,5 мың теңгені, ал Ақтөбе облысындағы ең жоғары көрсеткіш 120,9 мың теңгені құрады», - деп жазады жауапты министрлік.

Ал Батыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының ресми мәліметіне сүйенер болсақ, бір ғана БҚО-да «Жастар практикасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2 миллиард 500 миллион теңге қарастырылған көрінеді.

Доллар 500 теңгеге жетіп, күнделікті өмір сүру құны шарықтап тұрған заманда мемлекеттік бағдарламаның 109 мың теңге жалақысымен жастар қай жыртығын жамайды?! Әлбетте жұмыссыз жастар ойланбастан такси жүргізуші немесе жеткізуші болып ақша табуға шығатыны белгілі.

Өкініштісі сол, мемлекет жасай алмаған қарапайым дүниені шетелдік компаниялар пайдаланып, миллиардтаған теңге қаражат тауып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, 400 миллиард теңгеге жуық қаражат шетелдіктердің қалтасына түсіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі миллиардтаған қаражат бөлмей-ақ, аты аталған қосымшаның аналогын ойлап тауып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе, шетелдік компанияларды нарықтан ығыстырып-ақ шығарар еді. «Жастар практикасы» үшін барлық облысқа емес, бір ғана БҚО-ға бөлінген 2,5 миллиард теңгенің ең болмағанда жартысын қосымшаның аналогын шығаруға жұмсаса, пайдасы да шаш етектен болар еді.

Оның үстіне, баса айта кетерлігі, біздің такси жүргізушілері тіркеліп, нәпақа тауып отырған шетелдік компаниялар әрбір жүргізуші үшін бюджетке табыс салығын, зейнетақы жарналарын төлемейді. Егер Қазақстан такси жүргізушілерін ресми жұмысқа орналастыратын әрі өзінің адам тасып тапқан табысына сай ай сайын зейнетақы жарнасын төлеп отырса, өте ұтымды болар еді. Себебі, зейнетақы жарнасы бар азаматтар ипотека арқылы баспана ала алады, зейнетке шыққанда зейнетақылары көп болады әрі қажет болған жағдайда, несие рәсімдей алады. Көп такси жүргізушілерінің дәл қазіргі проблемасы да сол – олар ай сайын осынша ақша тауып жатса да зейнетақы жүйесінде олар сол қалпы «жұмыссыз» болып көрінеді. Бірақ, депутат айтқандай, бүгінгі Үкімет тек арманмен ғана өмір сүретін көрінеді.

МИНИСТРЛІК ЖАСТАРДЫҢ ПРОБЛЕМАСЫН НАЗАРҒА АЛМАЙ ОТЫР МА?

Біз осы тұста жастардың, жалпы қоғамдағы жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуге жауапты тікелей орган – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына көз жүгіртіп, соңғы мәліметтерді білмек болып едік, жауап таба алған жоқпыз. Жұмыссыздық, NEET санатындағы жастардың мәселесі жайлы соңғы мәлімет сонау үш жылға жуық уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда 2022 жылдың ақпан айында жарияланыпты. Жұмыссыздық проблемасын реттеуге жауапты министрліктің жастарға деген көзқарасы қандай деңгейде екенін осыдан-ақ аңғара беруге болар. 

Айта кетерлік тағы бір мәселе, жоғары білім алған жастардың көпшілігі өз саласы бойынша жұмыс таба алмай, әртүрлі төмен жалақы төленетін салаларда еңбек етуге мәжбүр болып жүр. Осыдан барып, жоғары оқу орындары даярлайтын мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие емес деген тұжырым да жасауға болады. Бұның нәтижесінде жастар өз білімдері мен дағдыларын толыққанды пайдалана алмайды, ал бұл елдің жалпы экономикалық жағдайына кері әсер етеді.

Ал уақытша немесе жалақысы аз орындарда жұмыс істеу жастардың әлеуметтік жағдайына, олардың өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруына кері әсер етері сөзсіз. Соның салдарынан жастар арасында өз мүмкіндігін жүзеге асыруға деген сенімнің төмендігі де байқалады. Жастардың көбісі жұмыссыздықтан ғана емес, сонымен бірге қоғамның олардан күткен «қоғамдық» бейнесіне сәйкес келмеуінен қорқады. Бұл да жұмыссыздықтың әлеуетті «психологиялық» факторы болып саналады.

Сөз соңында айтарымыз, Қазақстандағы NEET жастар мәселесі мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігін көрсетіп отырғаны жасырын емес. Қабылданып жатқан шаралар жастардың нақты қажеттіліктерін толықтай ескермей, олардың еңбек нарығына кірігуін қамтамасыз ете алмай отырғандай. Бұл проблема тек жеке тұлғаларға ғана емес, тұтас қоғамға кері әсер етеді. Жастардың еңбекке араласпауы экономикалық өсімді тежеумен қатар, мемлекеттің әлеуметтік шығындарын көбейтеді. NEET санатындағы жастар арасында өзін-өзі дамытуға деген ынтаның төмендеуі, депрессия мен апатияның жиілеуі байқалады. Сондай-ақ, бұл топ кейде маргинализацияға ұшырап, құқық бұзушылыққа немесе қоғамға жат қылықтарға бейім болуы мүмкін. Ал жекелеген жағдайларда қоғамнан өз орнын таппай, «кірпіші болып қаланбағаннан» кейін өмір сүрудің мәнін таба алмай, суицидке де барып жатады. Сол себепті қоғамның бұл санаты жастардың белсенділігі мен әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын іздестіруді талап етеді. Мемлекет пен қоғам жастарды қайта оқыту, әлеуметтік қолдау көрсету және еңбек нарығына бейімдеу бойынша жүйелі әрі ұзақ мерзімді шаралар қабылдауы қажет.