Алматы облысында азаматтық некедегі күйеуі әйелін өртеп жіберді

Автор: Дулат Асель

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды 

Фото: НеМолчиKZ

20 қарашадан 21 қарашаға қараған түні Байдібек ауылында 29 жастағы келіншекті азаматтық некедегі күйеуі соққыға жығып, кейін ауыр жарақат салған. Бұл туралы НеМолчиKZ қозғалысына жәбірленушінің әпкелері көмек сұрап жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Куәгерлердің айтуынша, ер адам мас күйінде әйелді диванда отырған жерінен бензинмен өртеп жіберген. Жәбірленушінің денесінің 20%-ы күйіп қалған: қолдары, беті және кеуде тұсы қатты жарақаттанған. Әсіресе, қол саусақтарының қалпына келуі өте қиын, бұл оның еңбекке жарамсыз болуына әкелуі мүмкін. 

«Оқиғаға дейінгі жағдайлар тіпті қорқынышты. 5 қарашада әйел ауыр жарақат алып, басын тігуге тура келген. Сол кезде күдікті неге қамауға алынбады деген сұрақ туындайды. Жәбірленуші бір жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап келген», -  делінген хабарламада.

Автордың сөзіне сенсек, қазіргі таңда күдікті Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды.